Экономиканың ілгерілеуіне АЭС-тің тигізетін пайдасы орасан зор
АЭС арқылы көптеген мәселелердің шешімі табылады. Бізге осыны түсінетін уақыт жетті деп есептеймін. Жалпы атом электр станциясын салу туралы әңгіме айтыла бастағаннан көз алдымызға Семей полигоны келеді. Алайда, атом электр станицясы ол мүлдем басқа мәселе. Осыны ескеру керек.
Қазіргі таңда әлемде атом энергиясын пайдаланатын мемлекеттер қатары артып келеді. Дүниежүзінде АЭС тиімділігін көріп келе жатқан мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, АЭС ең алдымен қоршаған ортаны ластанудан қорғайды. Демек, тыныстайтын ауамыз таза болады.
Атом энергиясын өндіру үшін бізге уран қажет болады. Ал, ол елімізде бар. Тіпті, қажетті көлемде деуге болады. Бұл жағынан мәселе туындай қоймайды деп ойлаймын.
Қазірдің өзінде біз электр энергиясына деген қажеттілікті байқаймыз. Зерттеушілер 10 жылдан кейін оның бірнеше есеге ұлғаятынын айтады. Міне, осы жағынан алғанда да Қазақстанға тәулігіне 24 сағат электр энергиясын өндіретін атом электр станциясын салудың қажеттігі туып тұрғанын аңғаруға болады. Экономикамыздың да ілгерілеуіне АЭС-тің тигізетін пайдасы орасан зор екені айтпаса да түсінікті.
Жасұлан Қуандықов — Сайрам ауданы, Көлкент ауыл округі, Теспе ауылының биі