АЭС қауіпсіз энергия көзі
Бүгінде бір емес, бірнеше атом электр станциясын салу дамыған елдердің маңызды статегиялық жоспарларына еніп отыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі таңда Америкада 94 атом электр станциясы жұмыс істейді екен. Олардың басым бөлігі 1990 жылға дейін бой көтерген екен.
Өздеріңіз білетіндей, қазір техника мен технология қарыштап дамыған заманда атом электр станциясының құрылысына да жаңашылдықтар енген. Яғни, атом электр станциясын жаңа технологиямен салуға қызығушылық танытып жатқан елдер қатары артып келеді. Қарап отырсаңыз, дамыған мемлекеттердің барлығында атом электр станциясы бар. Өйткені, біз күндіз-түні үздіксіз электр энергиясын пайдаланатын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Осы жағынан алғанда біздің еліміздің алдағы 10 жылда әлемге өркениетке жете алмай, көш соңында қалып қоюы ықтимал. Сондықтан, еліміздің экономикалық жағынан өсіп -өркендеуіне және мемлекетімізде электр энергиясына деген қажеттіліктің болмауына үлкен септігін тигізетін АЭС салу жөніндегі мәселені шешетін уақыт жетті деп ойлаймын.
Әрі атом электр станциясын салу арқылы біз өзіміздің қоршаған ортамызды зиянды газдардан тазарта аламыз. Мамандардың айтуынша, жылу электр стансаларына қарағанда атом электр станциялары отын шығынын үнемдеп, тыныстайтын ауамызды түтіннен, адам ағзасына зиынды заттардан қорғайды. Одан бөлек, атом электр станицясын салудың нәтижесінде біз еліміздің экономикалық дамуына да үлес қоса аламыз. Елде электр энергиясына деген сұраныс қанағаттандырылып, өндіріс орындары көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.
Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.
Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деді.
Әрине, ел ішінде Фукусима және Чернобыльде орын алған апаттарды айтып, көңілге қорқыныш сезімін ұялатып жүргендер бар. Дегенмен, ғалымдар мен зерттеушілер мұның өткен шақтың сынағы екенін алға тартып, атом электр станциясының тұрғындар үшін тиімді әрі қауіпсіз болатынына түрлі дәлелдер келтіруде. Жаңа технологиямен салынатын АЭС-тің қауіпсіздік жүйелері ондай сұмдыққа жол бермейтінін айтуда.
Қаныбек Туламетов — Журналист