ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА КӘСІПКЕРРЛЕРДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ.

Қазығұрт ауданында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Өңірлік кеңестің көшпелі қабылдау отырысы өтті. Аталмыш шараға Өңірлік кеңес мүшелері, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлік қауымдастық мүшелері қатысты.
Көшпелі қабылдау барысында Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен Палата директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлерді жеке қабылдап, олардың түйткілді мәселелерін тыңдады.
Кездесу аясында Қазығұрт және Төлеби аудандарынан келген кәсіпкерлер өз салаларындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, техникалық шарттарға қол жеткізудегі кедергілер, салық сәйкессіздігі, электр қуатының тапшылығы, қаржыландыру мүмкіндіктерінің шектеулілігі, жер телімдері мен инфрақұрылым, ауыл шаруашылығын дамыту және инвестиция тарту мәселелерін көтерді.
Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі төрағасы, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, «Бүгінгі қабылдаудың мақсаты – кәсіпкерлердің жанайқайын тыңдау ғана емес, нақты шешімдер ұсыну. Бизнестің дамуы – өңірдің дамуы», – деді.
Ал, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев бұл кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, «Біз бұл кездесулер арқылы нақты шешімдерді жүйелеп, оларды бақылауға аламыз. Әр сұрақтың артында кәсіпкердің тағдыры, халықтың жұмысы және аймақтың болашағы тұр», – деді.
Жиын соңында делегация Қазығұрт ауданындағы бірқатар нысандарды аралады. Атап айтқанда, Д.Қонаев көшесінде салынып жатқан көп пәтерлі тұрғын үй құрылысының барысымен танысып, «Бірлік және Береке-Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты.
 Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *