Жолдау аясында жастарды қолдау: Ордабасы тәжірибесі

Биыл Ордабасы ауданында жоғары оқу орнын үздік аяқтаған бірқатар жас маман мемлекеттік қызметке конкурстан тыс қабылданды. Бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, дарынды жастарды қолдау және мемлекеттік басқару саласына білікті кадрларды тарту бағытындағы маңызды әрі нақты қадам. Сол жас мамандардың бірі біздің Гүлдана Қалдыбай. Ол Халықаралық туризм және меймандостық университетінде білім гранты негізінде оқып, GPA көрсеткіші 3.43 баллды құрап, 2025 жылдың 17 маусымында оқу орнын үздік тәмамдаған.

Жас түлек бүгінде аудан әкімдігінің Қажымұқан ауылдық округі әкімі аппаратына жетекші маман лауазымына тағайындалып, еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастады. Аудан әкімі аппаратының басшысы Жұманәлі Қадиев жас қызметкерді жеке қабылдап, жаңа жұмыс орнымен таныстырды. Аппарат басшысы мемлекеттік қызметтің маңызы мен жауапкершілігі жөнінде жан-жақты түсіндіріп, қызмет барысында қатаң сақталуы тиіс кәсіби этика, тәртіп пен талаптар туралы кеңінен мағлұмат берді.  Сондай-ақ, жас маманға кәсіби әлеуетті дамытуға бағытталған қолдау шаралары мен тәжірибелік бағыт-бағдар ұсынылды. Бұл бастама – білікті жас мамандардың ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін маңызды платформа екенін тағы бір мәрте айқындап отыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, кадрлық резервті нығайту және жастарды қолдау басты басымдық ретінде айқын көрсетілген.

Мемлекет басшысының «Жастар — ел болашағы» деген ұстанымы аясында дарынды, білімді, жаңа идеяларға толы жас мамандар мемлекеттік қызметке тартылуы – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі. Биылғы жылы Ордабасы ауданында жоғары оқу орнын үздік аяқтаған жас мамандардың конкурстан тыс мемлекеттік қызметке қабылдануы осы бағыттағы нақты әрі нәтижелі қадамдардың бірі болып табылады. Өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып отырған кәсіпорындармен қатар, мемлекеттік басқаруда да білікті кадрлардың болуы маңызды. Гүлдана  енді өзінің білімі мен кәсіби дайындығын мемлекеттік қызметте пайдаланып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға кірісті. Аудан әкімдігінің басшысы Жұманәлі Қадиевтің жас маманға кәсіби этика мен мемлекеттік қызметтің маңыздылығын түсіндіруі – Президенттің кадр саясатын қолдау мен жетілдіру жолындағы жүйелі жұмыс екені белгілі.

Президент Жолдауларында айтылған тағы бір маңызды бағыт — жастардың кәсіби өсуіне қолдау көрсету және оларға жаңа мүмкіндіктер ашу. Ордабасы ауданы әкімдігінің жас мамандарға арналған арнайы бағдарламалары, тәжірибелік қолдау шаралары — осы Жолдаулардың талаптарын орындаудың нақты көрінісі. Жас қызметкерлердің білімдерін жетілдіруі, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік беру, олардың ауданның қоғамдық өміріне белсене араласуына жағдай жасау – бұл өңірдің тұрақты дамуына септігін тигізеді. Мемлекеттік қызметке жас мамандардың тартылуы елдің даму стратегиясына сай кадрлық резервті жаңарту ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл Қазақстан Республикасының дамуы мен жаңғыруында жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар — жастарға сенім артып, оларға зор мүмкіндіктер ашудың жарқын үлгісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *