Сайрам ауданында биыл 52 мың гектардан астам жерге егін егіледі
Сайрам ауданында көктемгі дала жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Биыл аудан диқандары 52,2 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды көздеп отыр. Ауданда ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға ерекше мән берілуде. Дәнді және бұршақты дақылдармен қатар, майлы дақылдар, мал азықтық және көкөніс өнімдерінің егіс көлемі ұлғайып келеді. Қазіргі таңда шаруалар 31,4 мың гектар жерге егін егіп, белгіленген жоспардың 60 пайызын орындаған.
Аудандағы 2 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасының 93 пайызы көктемгі егіс науқанына толық дайын. Сонымен бірге, жаңа техникаларды сатып алуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, субсидиялар мен жеңілдетілген лизинг бағдарламалары ұсынылуда. Бұл – шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті арттыруға ықпал ететін маңызды фактор.
Су үнемдеу технологияларын енгізу де басты назарда. Биыл 1 107 гектар алқапқа тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін енгізу жоспарланған. Сонымен қатар, аудандағы ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Жалпы ұзындығы 363 шақырымды құрайтын каналдардың басым бөлігі жөндеуді қажет етеді. Қазіргі таңда бірқатар су арналары тазаланып, күрделі жөндеуден өткізілуде.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
