Түркістан облысында интернет-алаяқтыққа қарсы күрес нәтижелері

Түркістан облысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау мақсатында республикалық «Антифрод» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтықтың 154 фактісі тіркелді, сонымен қатар жәбірленушілерге 220 миллион теңге көлемінде келтірілген шығын өтелді. Іс-шара барысында бұрын жасалған 42 қылмыс ашылып, интернет-алаяқтыққа қатысы бар 89 тұлға анықталды. Бір ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сондай-ақ заңсыз қаржылық операцияларға қатысы бар 239 тұлға, яғни «дропперлер» анықталды, олардың 19-ына қатысты қылмыстық істер қозғалды. Бұдан бөлек, «активатор» қызметін атқарған 1 адам жауапкершілікке тартылып, одан қылмыстық схемаларда пайдаланылған 150 SIM-карта тәркіленді.
Интернет кеңістігін мониторингтеу нәтижесінде 240 заңсыз контент бұғатталды. «Есіктен есікке» қағидаты бойынша жүргізілген ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында 181 260 үй қамтылып, 983 мыңнан астам азаматқа ескерту жасалды.
Білім беру ұйымдарында заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып онлайн-тестілеу ұйымдастырылып, оған 200 мыңнан астам оқушы, 56 мың студент және 86 мың педагог қатысты. Сонымен қатар профилактикалық материалдар облыс бойынша 50 LED-экран мен 64 билбордта орналастырылуда.
Полиция ескертеді: сақтық – қауіпсіздіктің басты кепілі. Жеке деректеріңізді бермеңіз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және желідегі бейтаныс адамдарға сенбеңіз. Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу «102» нөміріне хабарласыңыз.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *