Шымкентте 120-дан астам сауда орындары мен дүңгіршектерге ескерту жасалды
Үшінші мегаполис — тіршіліктің қыз-қыз қайнаған мекені . Миллионнан астам тұрғыны, сауда нүктелері мен ойын-сауық орталықтары көп шоғырланған алып қала.
Тәртіп сақшылары шаһардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі бағытта профилактикалық іс-шаралар жүргізіп отырады. Соның ішінде, есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары бір сәтке де кейінге шегерілген емес.
Бұл жолы полицейлер, «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 30-дан астам сауда нүктелерін аралап, кәсіп иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Осылайша қызметкерлер жыл басынан бері 120-дан астам сатушыны ақпараттандырды.
Яғни, азаматтарға ҚР ӘҚБтК-тің 423 — бабында көрсетілген, есірткі, психотроптық заттарды және сол тектестерді насихаттау немесе заңсыз жарнамалау қағидасын бұзбау туралы ескертті. Өйткені, есірткі заттары бейнеленген кез-келген тауар адамға бейнесаналық түрде әсер ету қаупін туғызады. Ал, аталған заң бұзушылыққа жол берудің соңы үш жүзден 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.