Зумрад Ахмедова: «Әлемді қанша шарласақ та тату-тәтті тіршілік кешіп отырған Қазақстандай мемлекетті таба алмаймыз»

Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестері елдің бірлігі мен тұрақтылығына қатысты маңызды мәселелерді талқылаудың, сыңдарлы шешімдер қабылдаудың әмбебап диалог алаңына айналып үлгерді. Бүгінде мемлекетімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 2786 қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Статистикалық деректерге сүйенсек, әр түрлі деңгейдегі Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелерінің жалпы саны 25 093 адамды құрапты.

ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерінің мақсаты қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру мен дамытуда азаматтық институттардың, қоғамдық, саяси және басқа бірлестіктердің күш-жігерін шоғырландыру болып табылады. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекенінде жүзеге асырады. Олардың құрылуына түрткі болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш ПрезидентіНұрсұлтан Назарбаев.

Сәл кейінге шегініс жасайық. Нұрсұлтан Әбішұлы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне халықтың барлық топтарының қатысуын күшейту міндетін қойды. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар әкімдеріне жыл соңына дейін барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Қоғамдық келісім кеңестерін құру туралы тапсырма берілді. Сол уақыттарда елімізде Қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестері құрыла бастады.

Жалпы мұндай тұрмыстық мәселелерді шешумен, тәрбиелеу мәселелерін талқылаумен, ұлттық құндылықтарды сақтаумен айналысатын аналар кеңестері бұрын да болған. ҚХА жанындағы Аналар кеңестеріне де осы міндет жүктелді. Қазіргі таңда еліміздің өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс істейді. Сондай – ақ этномәдени бірлестіктер жанынан 105, кәсіпорындарда 33 аналар кеңесі құрылды және белсенді жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда Сайрам ауданында өзбек этномәдени бірлестік жанынан құрылған Аналар кеңесі қандай жұмыстар атқаруда. Бұл туралы аталмыш кеңес төрайымы, Сайрам ауданының құрметті азаматы Зумрад Ахмедовадан сұраған еді.

— Зумрад апай, жалпы Аналар кеңесінің құрамына кімдер мүше бола алады? Аналар кеңесі қандай жұмыстармен айналысады? Әңгімемізді осындай сауалдардан бастасақ…

— Аналар кеңесінің құрамына көп балалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар мүше бола алады. Бүгінде Аналар кеңестері ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүрлеріміз жайлы өскелең ұрпаққа мағлұмат беріп қана қоймайды. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру жұмыстарымен де айналысады. Елдің бірлігі мен тұрақтылығын сақтауға атсалысу да кеңестің бірден-бір міндеті.

Өңірімізде Аналар кеңесіне мүше болғысы келетіндердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Мұның өзі бізді қуантады. Жалпы мемлекетімізде де аталмыш кеңестің құрамында ұрпақ тәрбиесімен және ел бірлігімен айналысуға белсенділік танытқандар көбейе түсуде. Статистикалық деректерге жүгінсек, олардың қатарында бүгінде 11 мыңнан астам адам бар.

Негізінен адамның өмірге деген көзқарасы мен ұстанымы ең алдымен отбасында қалыптасады. Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасында даотбасының адам капиталының сапасына әсер ететін әлеуметтік институт болып табылатыны айтылған. Сондықтан, біз үшін отбасындағы кішкентай мәселенің өзі маңызды. Біз сол кішкентай мәселенің өзін терең зерттеп, зерделеуге тырысамыз. Өйткені, отбасы ұлттық мәдени кодтың, отбасылық дәстүрлердің сақтаушысы болып табылады.

Жалпы құрамында аналары бар барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмысы бір-біріне ұқсас болып келеді. Тұрғындардың ауызбіршілікте, тату-тәтті тіршілік кешуін қамтамасыз ету және жас ұпақтың дұрыс бағыт-бағдар, тәрбие алуына жол көрсету. Бізді осы Тәуелсіздігімізді ертеңгі күні кімге қалдыратынымыз, бүгін кімдерді тәрбиелеп жатқанымыз көбірек ойландырады. Сондықтан, біз балаларымызды кішкентайынан басқа ұлт өкілдеріне және олардың тіліне құрметпен қарауды үйретуіміз керек. Көпұлтты мемлекетте бұл үлкен маңызға ие.

Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға атсалысады. Әр түрлі іс-шараларды ұйымдастыру арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды көпке насихаттауға басымдық береді.

Айталық, Сайрам ауданындағы Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Аналар кеңесіқайырымдылық шараларын жиі өткізеді. Ерлі-зайыптылардың ажырасуының алдын алуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға арналған жиындарды да ұйымдастырады. Мәселен, ауданда «Отан – отбасынан басталады» және «Отбасы – мемлекеттің тірегі» атты тақырыпта семинар өткіздік. Қыздар мен аналардың арасында психолог, гинекологтармен бірге сұхбаттар ұйымдастырдық. Ерте жүктіліктің зияны жайлы да әлі күнге дейін мағлұмат беріп келеміз. «Қыз бала – қоғамның көркі» атты іс-шарамызды аудандағы ауыл округтері мен елді мекендерде тұрақты түрде өткізудеміз. Сосын жақында «Тойларымыз туралы ойларымыз» атты тақырыпта қонақ күту, сыйластықты арттыруда жасалынатын салт-дәстүрлерімізді кеңінен түсіндіруге арналған аудандық семинар-кеңес өткіздік. Е.Сарманов атындағы гуманитарлық агроэкономикалық колледжінің мәжіліс залында Сайрам ауданы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің 2023 жылғы бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, «Қыздарға өнегелі тәрбие беру жолдары» тақырыбында кездесу өтті.Кездесуге Сайрам аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Оразбаева, аудандық аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-ң Сайрам аудандық филиалы мамандары, кәсіби медиатор, психолог, колледж директоры, ұстаздар және студенттер қатысты.Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ұлдана Оразбаева «Қыздарға өнегелі тәрбие беру жолдары» тақырыбында баяндама жасады.Жиында ана мен қыздың арасындағы қарым-қатынас, салт-дәстүр және отбасындағы құндылықтар мен тәрбиенің маңыздылығы жайлы айтылды. Осы секілді іс-шараларымызды айта берсек тізбектеле береді…

— Байқауымша, бәріміз жабылып қыздарды тәрбиелеуге кірісіп жатқан сияқтымыз, иә. Меніңше, бізге ұлдарға тәрбие беру ісін де күшейту керек. Сіз қалай ойлайсыз?

—  Дұрыс айтасыз біз болашақ әкелер мен отбасы басшыларын да тәрбиелеп шығаруға атсалысуымыз керек. Бұл бағытта Сайрам ауданында атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен жақында ауданда мектептер мен арнаулы оқу орындарында «Ерлік сабақтары» өткізілді. Онда ұлдарды тәрбиелеу ісінде жақсы әкелердің, майданда ерлік көрсеткен ардагерлердің өнегелерін насихаттаудың маңызы зор екені айтылды.

Қазақ көптеген этностарға үйінен орын беріп, оларды қиындықтан құтқарып, тарихи ерлік жасаған халық. Репрессия уақытында танымайтын бөтен адамдармен соңғы нанын бөліп жеп, оларды жатсынбай, төрінен орын берді. Соның арқасында бүгінде бәріміз бейбіт аспанда келісім мен тұрақтылықта күн кешіп келеміз.  Мұның бәрі біздің елі мен жерін жанымен сүйетін арда туған азаматтарымыздың арқасы. Олардың ерлігін насихаттау бізге парыз. Осы мақсаттағы шараның бірі жақында Түркістан облысы, қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ұлтаралық тұрақтылық, татулық және келісім» тақырыбында Ақсукент ауылындағы М.Горький және Манкент ауылындағы С.Рахимов атындағы жалпы орта мектептерінде ұйымдастырылды. Сабақ барысында аталған мектептерді бітіріп, Таулы Қарабахтағы ұрыс-қимылдарында ерлік көрсеткен ардагерлер А.Пархоменко мен Н.Хидировқа «Қызыл жұлдыз» ұрыс — қимылына қатысушы белгісі тапсырылды.«Ерлік сабағына» жоғары сынып оқушылары мен ауданның соғыс  ардагерлері қатысты. Оқушылар ардагер жерлестеріне өздерінің сауалдарын қойып, іс-шара мерекелік қойылымдармен жалғасын тапты.

Шараға Ақбұлақ ауылындағы Ә. Құрмантаев және Манкент ауылындағы Манкент жалпы орта мектептерінде жоғары сынып оқушылары мен ұрыс қимылдары ардагерлері қатысты. Шараның мақсаты ауыл жастары арасында ұлттар мен ұлыстардың достығын дәріптеу, қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге үндеу болды. Сонымен қатар, ұрпақ сабақтастығын қалыптастырып, алдыңғы буын зиялы қауым өкілдерін жастарға үлгі ету көзделді.Сабақ барысында жастар өздері оқып жатқан білім ұясынан ұрыс қимылдарына қатысып, ерлік көрсеткен жерлестерімен сұхбаттасып, оларға құрмет көрсетті.

Біз ел басына күн туғанда бір-бірімізге қол ұшын беріп, бейбіт өмірді бағалай білетін, қиындықтан бір үйдің баласында болып жұмылатын данагөй халықпыз. Қазақстанның байлығы мен мақтанышы – осы айрандай ұйып отырған, ауызбіршілікте өмір сүретін халқы. Әлемді қанша шарласаңыз да 100-ден астам өзге ұлт өкілі мекендеп, тату-тәтті тіршілік кешіп отырған Қазақстандай мемлекетті таба алмаймыз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *