Сайрам ауданында медиация апталығы аталып өтті
Ағымдағы жылдың 31 шілде – 4 тамыз аралығында еліміздің барлық өңірлерінде Медиация күніне орай арнайы апталық ұйымдастырылды. «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен Ақсукент ауылында орналасқан Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде медиация күніне орай «Бірлік пен келісім – қоғамның әл-ауқатының кепілі» атты тақырыпта кездесу өтті.
Шараның мақсаты Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының жұмысын күшейту, Республикасындағы қоғамдық келiсiм мен ұлттық бiрлiктi қамтамасыз етуге байланысты мүдделi уәкiлеттi тұлғаларды жанжалдардың деңгейiн төмендету және халық арасында этносаралық келiсiмді нығайту мәселелерiн талқылау және шешу болды.
Кездесуге «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалының басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы, Сайрам ауданының бас имамы Оспанов Арыстан Оразалыұлы, Сайрам ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің басшысы – аға сот орындаушысы Қырғызов Ермек Шералыұлы, «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының сектор меңгерушісі Биназаров Бейбіт Бақытбекұлы, кәсіби медиатор Даванова Сайера Мирзалиқызы, аудан әкімдігі жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесінің мүшелері, ұрыс қимылдарының ардагерлері, ресми және бейресми көшбасшылар қатысты.
Іс — шара соңында сұрақ-жауаптарға кезектер беріліп, жиналғандар тиісті деңгейде пікір алмасты.
Жалпы, қоғам дамыған сайын біздің сөздік қорымызға термин сөздер көптеп ене бастады. Соның бірі- медиация термині. Бұл термин латынның «mediare» бітімгер деген сөзінен шыққан. Медиация – үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі.
Аталған үшінші тарап ретінде медиаторды танимыз. Ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, сонымен бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады.
Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты қолданылады. Сондай-ақ, ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөніндегі туындаған дауларда қолданыла алады. Азаматтар, сондай-ақ, заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдеп, соның нәтижесінде күрделі істердің шешілу жолдары жеделдетіледі.
Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 30-40 пайызы медиация рәсімінен өтеді. Олардың 85 пайызында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Біздің мемлекетімізде “Медиация туралы” Заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Аталған заң Қазақстан Республикасы медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін және медиатордың мәртебесін айқындайды.