Жергілікті өкілді билік органдарында әйелдердің үлесі 30,5 пайыз болды

Елімізде әйелдердің ел өміріндегі рөлін арттыруға барынша жағдай жасалып келеді. Олардың мансап қууына, мемлекеттік және қоғамдық басқаруға белсенді түрде қатысуына үлкен көңіл бөлінген. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында да «гендерлік стратегияны іске асыру жылдары ішінде биліктің сайланбалы органдарында әйелдердің сандық өкілдік етуінде елеулі ілгерілеу байқалады» делінген. Мәселен, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде Гендерлік стратегияны іске асырудың алғашқы жылында әйелдердің үлесі 10,4 пайызды құраса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 27,6 пайызға дейін ұлғайды.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» Заңдарға енгізілген түзетулерге сәйкес партиялық тізімдер әйелдер мен жастар өкілдігінің кемінде 30 пайызын ескере отырып қалыптастырылды. Енгізілген түзетулердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі әйелдердің үлесі – 27,1 пайыз, барлық деңгейдегі жергілікті өкілді билік органдарында – 30,5 пайыз болды.

Бүгінде өңірлердің алты облыстық мәслихатында депутат әйелдердің үлесі 30 пайыздан асады. Ал, мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлесі іс жүзіндегі санның 55,5 пайызын құрады. Оның ішінде: саяси қызметшілер арасында – 8,9 % (728-ден 65), «А» корпусының әкімшілік қызметшілері арасында − 11,4 % (79-дан 9), «Б» корпусында − 55,9 % (87 602-ден 48 957). Басшылық лауазымдар атқаратын тұлғалар арасындағы әйелдердің үлесі – 40 % (23 959-дан 9 531).

Салыстырмалы түрде айта кетейік, Швецияда бұл көрсеткіш − 71,8 %-ды, Францияда − 62,3 %-ды, Аустралияда − 57,5 %-ды, Жапонияда − 41,9 %-ды құрайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *