Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі оқ іздері

Жеті ғасырлық тарихы бар, әлемде теңдесі жоқ Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиратшылар мен туристердің келуі ешқашан толастаған емес. Сол келушілердің арасында бірі байқаса, бірі байқамаған көріністердің бірі – кесененің солтүстік-батыс бұрышындағы бағананың қисайып тұруы. Бұл кездейсоқ архитектуралық ақау не жай ғана құрылыс кемшілігі емес. Оның астарында бір дәуірдің қанды беттері, от пен оқтың ізі жатыр.

XIX ғасырдың ортасында Ресей империясы Орта Азия кеңістігіне тереңдеп ене бастады. Генерал-адъютант И.И. Аннековтың бастамасымен Орынбор мен Батыс Сібір әскери ведомстволарының шекараларын біріктіру идеясы қолға алынып, оның орындалуы 1864 жылы басталды. Осы саяси-стратегиялық мақсат аясында полковник Николай Александрович Верёвкин басқарған әскери отряд Түркістан бағытына қарай аттанды.

Отрядтың құрамы мынадай болатын: 5 рота жаяу әскер, 2 жүздік казак, 10 зеңбірек, 6 мортир, 2 ракеталық қондырғы және 100-ден астам қырғыз еріктілері. Жауынгерлік құрамда 44 офицер мен 1593 қатардағы жауынгер болды.

Ол кезде Түркістан қаласы Қоқан хандығына қарасты маңызды бекініс болатын. Қала айналасы биік қорғанмен қоршалған, ұзындығы үш шақырымнан асатын дуалмен көмкерілген. Оның солтүстік-шығысында цитадель орналасқан. Қаланың дәл ортасында, халықтық рухтың тірегі — Қожа Ахмет Ясауи кесенесі көзге түсерлік биіктікте еңселеніп тұрды.

8 маусымда Верёвкин әскері қала маңындағы Қарашық өзені бойындағы қоқандық шептерді ығыстырып, 9 маусымда қала маңындағы бақтарды бақылауға алды. Дәл осы кезде жау тарапынан оқ атылып, қалада өрт шықты. Қаланы қорғауға Кенесары ханның ұлы — Сыздық сұлтан бастаған 120 жауынгер келіп қосылды. Түнде бірнеше мәрте қоқандтықтар қарсы шабуыл жасады.

Орыс әскері арнайы артиллериялық батареялар орнатып, бекініс қабырғаларын тікелей нысанаға алып шабуылдай бастады. Жоғарыдан лақтырылған мортирлік снарядтар кесене маңындағы құрылыстар мен қаланың ішкі бөлігін өртке орады. Көптеген тұрғын үйлер мен ғимараттар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қабырғалары да осы кезде оқ пен от астында қалды. Міне, қазіргі таңда көруге болатын қисайған бағана – сол тарихи сәттің салдары.

12 маусым күні қала бегі Мырза Дәулет өзінің жасағымен Ташкент бағытына қашып кетті. Таңертең сағат 8-де қала тұрғындары ақ жалау көтеріп, келіссөзге шықты. Сағат 10-да Түркістан толықтай Ресей империясының қолына өтті.

Қаладан 4 зеңбірек, 20 фальконет, 17 бекіністік және 100-ден астам қарапайым мылтық, шамамен 200 пұт (3,2 тоннадай) оқ-дәрі алынды. Ресей әскері тарапынан капитан Александр Каховский мен төрт жауынгер қаза тауып, 24 сарбаз жараланды. Верёвкин бұл операциясы үшін генерал-майор шеніне көтерілді.

Қаланы алғаннан кейін, 15 маусым 1864 жылы Верёвкин қалада уақытша азаматтық басқару жүйесін қалпына келтірді. Бұрынғы шариғатқа негізделген басқару құрылымы сақталып, оған ислам шейхтары, қазылар мен төрт ақсақал кірді. Ақсақалдарға тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстарды болдырмау, көшіп-қонушыларды бақылау жүктелді. Қылмыстық істер империялық әскери заңмен қаралса, азаматтық істер шариғат негізінде шешілді.

1867 жылғы «Уақытша ереже» және 1886 жылғы заң бойынша Түркістан қаласы бірде уезд орталығы, бірде уезге бағынатын қала ретінде түрлі мәртебеге ие болып отырды. Полицейлік басқару ресейлік және жергілікті (түземдік) бөліктерге бөлінді. 1895 жылдан бастап полицейлік қызмет тікелей приставқа бағынатын болды.

Соғыстың салдарынан зардап шеккен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі кейінгі заманда қайта жөнделсе де, оның үстіндегі кейбір іздер сол күйі сақталып қалды. Бағана ақырындап қисая бастаған соң 1910 жылы 4 тіреуіш кірпіштен қалап қойылған. Бұл – отты жылдардың, қантөгіс пен империялық соғыстардың тастан қашалған айғағы. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тек діни орталық емес, сонымен қатар ұлт тағдырының тарихи куәгері.

Қасиетті мекен әлі күнге дейін өз тарихын үнсіз баяндап тұр. Оның әрбір тасы – ел шежіресінің бөлігі. Кесенеге атылған оқ – біздің тарихымызға бағытталған оқ. Ал біз, ұрпақтары, сол оқтың ізін тек тамашалап қана қоймай, одан сабақ алуға тиіспіз.

Ахатбек Баубеков,

«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының экскурсия жетекшісі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *