Жолдау жүктеген міндет: Сайрамнан шыққан ірімшіктер шетелге экспортталады
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында экономиканың негізгі тірегі – шағын және орта бизнес екенін атап өткен болатын. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту, отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығын жаңғырту сынды бағыттарды нақты айқындап берді. Осы ретте еліміздегі кәсіпкерлердің табысты жобалары мен олардың ел дамуына қосып жатқан үлесі мол. Солардың бірі – Сайрам ауданында орналасқан, ірімшік өнімдерін шығаратын «Айкан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Кәсіпкер Алмагүл Айканның жетекшілігіндегі «Айкан» ЖШС – дәл осындай міндетті абыроймен атқарып келе жатқан өндіріс орны. Әйелдің іскерлігі мен жауапкершілігі, кәсіпке деген құштарлығы арқылы дүниеге келген бұл серіктестік бүгінде тек елімізде ғана емес, шетелдік нарықта да сұранысқа ие ірімшік түрлерін шығарып отыр. «Эмир» брендімен танылған өнімдер – «Моцарелла», «Сулугуни», «Брынза», «Чечил», «Адыгей» секілді 12 түрлі ірімшік күн сайын тұтынушылар дастарқанына жетіп жатыр. Серіктестік күніне 100 тоннаға дейін сүт өңдеуге қауқарлы. Бұл – аймақтық агроөнеркәсіп кешенінің қуатын көрсететін маңызды көрсеткіш. Өндірісте заманауи түрік құрылғылары пайдаланылады, ал шикізат ретінде тек табиғи сүт алынады. Ең бастысы – өнімнің құрамында ешқандай химиялық қоспа мен генетикалық түрлендірілген ингредиенттер жоқ. Бұл фактор тұтынушы сенімінің басты негізі болып отыр.
Мемлекет басшысының отандық өнімдердің сапасын арттырып, сыртқы нарыққа шығару туралы тапсырмасымен үндес бұл серіктестік бүгінде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан нарығына өнімін экспорттайды. Кәсіпкердің айтуынша, ендігі кезекте Таяу Шығыс елдері де «Айкан» өнімдеріне қызығушылық танытып отыр. Бұл – ел экономикасына келетін табыс көлемі мен ұлттық брендтің қалыптасуына үлкен үлес.
Президент Жолдауында айтылған тағы бір маңызды бағыт – халықты жұмыспен қамту. Бұл тұрғыда «Айкан» ЖШС де өз деңгейінде үлес қосып отыр. Бүгінде мұнда елуге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалақыларын уақытылы алып, кәсіби ортада дамуға мүмкіндік алуда. Ауылдық жерлердегі осындай кәсіпорындардың дамуы – мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды буын. Кәсіпорын тек экономикалық тұрғыда емес, әлеуметтік жауапкершілік бағытта да белсенді. Мәселен, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы, жартылай жетім және аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу құралдары мен киім-кешек үлестіреді. Сонымен қатар, тұрмысы төмен азаматтарға, мүгедектігі бар жандарға және тыл ардагерлеріне де көмек көрсетіп келеді.
Мұның барлығы – Мемлекет басшысы ұсынған әлеуметтік әділеттілік пен қоғамға қызмет ету қағидаттарына толық сәйкес келеді.
Президент өз Жолдауында «әлеуметтік мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, бизнес өкілдерін қоғамға пайдалы жобаларға белсенді атсалысуға шақырды. «Айкан» ЖШС осы міндетті нақты іспен көрсетіп отыр. Серіктестік өз жұмысын жетілдіру үшін мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдаланып келеді. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы–2030», «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы» бағдарламалары аясында «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алған. Бұл – мемлекет пен кәсіпкерлік арасындағы өзара тиімді серіктестіктің нәтижесі.
Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың ел дамуына қосатын үлесі орасан. Президент Жолдауында айтылғандай, отандық агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігі мен өнімділігін арттыру – басты міндет. «Айкан» осы мақсатты жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінде аймақ халқы бұл брендті жақсы таниды. Ертеңгі күні оны әлем де таныса, бұл – тек кәсіпкердің ғана емес, тұтас елдің жеңісі болмақ.
Алмагүл Айкан бастаған «Айкан» ЖШС – Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген өзекті мәселелер мен стратегиялық міндеттерге нақты жауап бере алатын, бәсекеге қабілетті, әлеуметтік жауапты, сапаға ұмтылған отандық кәсіпорын. Осындай өндіріс орындарының көбеюі – Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігін нығайтып, әлемдік нарықтағы орнын айқындай түсетіні сөзсіз.
