Жолдау жүктеген міндет: Ордабасы ауданында денсаулық сақтау саласы жаңғырып, халық әл-ауқаты артуда

Еліміздің әлеуметтік жаңғыру бағыты аясында денсаулық сақтау саласын жетілдіру — басты басымдықтардың бірі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруда медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың ерекше маңызын атап өтіп келеді. Мемлекет басшысы: «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту — стратегиялық міндет. Әрбір азамат сапалы әрі уақтылы медициналық қызмет алуға тиіс», — деп атап өткен болатын.

Осы орайда, Ордабасы ауданында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен тың бастамалар Президенттің осы тапсырмаларын табысты жүзеге асырып отырғанының дәлелі. Айталық, қазіргі таңда Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Аудандық орталық аурухананың инфрақұрылымы мен медициналық жабдықтары соңғы жылдары айтарлықтай жаңарып, жоғары технологиялық құралдармен қамтамасыз етілуде. Бұл өңір тұрғындарының денсаулығын қорғау мен сапалы медициналық көмек көрсетудің деңгейін айтарлықтай көтерді.

2022 жылы 2,3 миллиард теңгеге сатып алынған жоғары технологиялы компьютерлік томографтан бастап, 2023 жылы орнатылған ангиограф және 2024 жылы пайдалануға берілген МРТ аппараттары аурухананың диагностика мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Енді Ордабасы, Бәйдібек және Арыс аудандарының тұрғындары күрделі ангиографиялық оталарды аудандық орталық ауруханада алуда, бұл өз кезегінде емделушілердің шет өңірлерге бармай-ақ сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндік береді.

Аурухана құрамында инсульт орталығы (10 төсек орын), коронарлық араласу орталығы (6 төсек орын), ІІ деңгейлі босандыру бөлімшесі (45 төсек орын), травматология және ортопедия бөлімі (15 төсек орын), хирургия бөлімі (30 төсек орын), медициналық оңалту бөлімшелері (13 төсек орын) және клиникалық зертхана жұмыс істейді. Мұндай кешенді медициналық база аудан тұрғындарының денсаулығын сақтауға септігін тигізеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты 2023 жылғы Жолдауында «Ауылдық медицинаны жаңғырту» бастамасын көтеріп, әрбір ауыл тұрғынына алғашқы медициналық көмекті дер кезінде және сапалы түрде ұсыну қажеттігін тапсырған болатын. Ордабасы ауданында бұл тапсырма нақты іске асырылып отыр. Атап айтқанда, Бөген ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория, ал Қарабастау мен Еңбекші ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттер салынып, пайдалануға берілді.

Мұндай нысандар шалғай ауылдардағы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, аурулардың ерте алдын алуға, халық денсаулығын жақсартуға зор үлес қосуда.

Президент Жолдауларында жиі айтылатын тағы бір маңызды бағыт — жеке инвестицияны тарту арқылы әлеуметтік салаларды дамыту. Осы мақсатта қазіргі таңда Қараспан ауылында 204 миллион теңге инвестиция есебінен алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысан ауыл тұрғындарының денсаулығына қатысты мәселелерді кешенді шешуге бағытталған.

Денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыру, электронды денсаулық паспорттарын енгізу, медициналық деректердің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінде Ордабасы ауданында жүзеге асып жатқан тағы бір маңызды бағыт болып табылады. Президент бұл туралы: «Заманауи цифрлық шешімдер мен Big Data технологияларын енгізу медициналық қызметтің тиімділігін арттырады», — деп атап өткен болатын. Ордабасы ауданында электронды кезек жүйесі, амбулаториялық карталар, телемедицина сынды цифрлық шешімдер біртіндеп енгізіліп, халықтың уақытын үнемдеуге және қызмет сапасын жақсартуға ықпал етіп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында көтерілген бастамалар мен стратегиялық міндеттер Ордабасы ауданында жүйелі түрде іске асып келеді. Медициналық инфрақұрылымды жетілдіру, жоғары технологияларды енгізу, ауылдық жерлердегі қызметті жақсарту мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шаралар болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *