Түлкібастағы жастар саясаты: NEET санатымен жүйелі жұмыс – жарқын болашақ кепілі

Қазіргі таңда мемлекетіміздің жастар саясаты – ұлттық дамудың басты басымдықтарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында жастарды еңбекке, білімге, кәсіпкерлікке бейімдеудің маңыздылығын үнемі атап өтеді. Осыған орай Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар жастардың әлеуетін арттыру, NEET (білім беруге, жұмыспен қамтуға және кәсіптік даярлыққа тартылмаған) санатындағы жастармен нақты жұмыс жүргізу бағытында жүйелі қадамдар жасауда.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері өңір жастарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал ету мақсатында мақсатты жұмыстар атқаруда. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында NEET санатындағы жастарды анықтау және оларды қолдау бағытында арнайы жұмыс тобы құрылып, үй аралау жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл шара барысында жастарға мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат берілді. Атап айтқанда, білім саласында «Болашақ» бағдарламасы, «Серпін – 2050», техникалық және кәсіптік білім беру гранттары туралы мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар, жастардың кәсіпкерлікке бет бұруына қолдау ретінде 2,5% несиелеу бағдарламасы (5 млн теңгеге дейін), «Бастау Бизнес» аясындағы қайтарымсыз гранттар (1 572 800 тг), «Тәуелсіздік ұрпақтары» (3 млн тг) және Zhas Project (1 млн тг) сынды жобалар түсіндірілді.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауларында жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту – мемлекеттік маңызы бар мәселе екенін бірнеше мәрте айтқан болатын. Осы орайда жұмыссыз жастарға арнап «Жастар практикасы» (117 960 тг), «Қоғамдық жұмыстар» (94 368 тг), «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Дипломмен ауылға», «Студенттік құрылыс отрядтары» сынды жобалар да таныстырылды. Бұл – жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуіне, алғашқы еңбек тәжірибесін жинауына үлкен мүмкіндік береді. Аталған бастамалар – Президенттің «Жастар – ел болашағы» деген ұстанымымен үндес. Сонымен қатар, жастарды қоғамнан оқшауламау, керісінше әлеуетін дамыту арқылы ел өміріне тарту – Жаңа Қазақстан құрудағы басты бағыттардың бірі. NEET жастармен жүргізілген жұмыс барысында бірқатар жас мамандар кәсіптік оқу курстарына бағытталып, кейбірі жұмысқа орналасу мүмкіндігін алды. Мұндай шаралар жастарға тек ақпарат беру емес, олардың сенімін арттырып, болашаққа нақты қадам жасауына жол ашады. Бұл жұмыстар тек Түлкібас ауданымен шектелмей, Түркістан облысының барлық өңірлерінде жүйелі түрде жалғасуы тиіс.

Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмыстар тек мемлекеттік қолдаумен шектелмей, жергілікті қоғамдастықтың, кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлесе әрекет етуі арқылы нәтижелі болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Жастарға инвестиция салу – болашаққа салынған инвестиция». Сондықтан әрбір жастың қоғам өміріне араласуына жағдай жасау – ортақ міндет. Бұл тұрғыда өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының белсенділігі мен үйлестіру қабілеті айрықша рөл атқарады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *