Кентау қаласы инвестиция тартуда жаңа белеске көтерілуде
Кентау қаласының инвестициялық әлеуеті жылдан-жылға артып, өңір экономикасының драйверіне айналуда. Қазіргі таңда жалпы құны 234,6 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалар толық жүзеге асқанда 1 768 жаңа жұмыс орны ашылып, қала тұрғындарын тұрақты еңбекпен қамтуға айтарлықтай үлес қосады.
Экономиканың дамуына тың серпін беретін құны 188,0 млрд теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сала мамандары бұл жобалардың іске қосылуы нәтижесінде 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылып, өндірістік қуат айтарлықтай ұлғаятынын айтады.
Салалар бойынша жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар құрылымы да әртараптандырылған. Өнеркәсіп саласында 85,6 млрд теңгені құрайтын 8 жоба қолға алынған. Энергетика саласында құны 140,0 млрд теңге болатын 1 ірі жоба іске асырылуда. Ауыл шаруашылығында 2,5 млрд теңгелік 1 жоба жүзеге асуда. Туризм бағытында 5,9 млрд теңгені құрайтын 4 жоба бар. Сонымен қатар, басқа салалар бойынша 0,6 млрд теңгелік 1 жоба іске қосылған. Бұл құрылым қала экономикасының бір ғана бағытқа тәуелді болмай, кешенді түрде дамып келе жатқанын көрсетеді.
Өндірісті тереңдету және жаңа кәсіпорындар ашу мақсатында қалада және Қарнақ ауылында өндірістік парктердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Кентау қаласының өзінде 18 өндірістік ғимарат, ал Қарнақ ауылында 4 өндірістік ғимарат салу жұмыстары басталды. Аталған жобалар жүзеге асқанда қосымша 53 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар, қаланың индустриалдық әлеуетін арттыруда «Арнайы экономикалық аймақ» пен «Индустриалды аймақтың» маңызы зор. Қазіргі таңда «Арнайы экономикалық аймақта» жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, 310 жұмыс орны құрылған. Алдағы кезеңде құны 8,0 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, қосымша 430 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Арнайы экономикалық аймақта бірқатар ірі өндірістік жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, «KENTAU CABLE INDUSTRIES» ЖШС-і интернетке арналған оптикалық кабель шығару жобасын іске асыруда. Жобаның құны – 1,0 млрд теңге, 100 адам жұмыспен қамтылған. «ELECTROCORE» ЖШС-і құрал-жабдықтарға арналған металл шкафтарын өндіру жобасын жүзеге асырып, 1,0 млрд теңге инвестиция құйып, 60 жұмыс орнын ашқан. «LILO CHEMICALS» ЖШС-і тұрмыстық және кәсіби химиялық өнімдер өндіру жобасын іске қосып, 500 млн теңге инвестиция тартып, 20 адамды жұмыспен қамтыған. Сонымен қатар, «TURAN SHENHUA» ЖШС-і тоңазытқыш шығаратын зауыт жобасын жүзеге асыруда. Құны 5,5 млрд теңгені құрайтын бұл жоба 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Қаладағы «Индустриалды аймақта» өткен жылы жалпы құны 2,7 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылып, 184 жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда 3,3 млрд теңгеге 3 жобаның құрылысы жүргізілуде. Олар іске қосылған жағдайда тағы 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Индустриалды аймақтың жалпы аумағы 43 гектарды құрайды. Бүгінде оның 14 гектары игерілген, ал 29 гектар жер бос. Оның ішінде 4 гектар инфрақұрылымға тиесілі болса, 10 гектарда жобалар орналасқан. Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында бір шаршы метр жер телімінің сатып алу құны 225 теңге, ал жалға алу құны 18,7 теңге болып белгіленген. Ауыз судың 1 текше метрінің бағасы 74,5 теңгені құрайды.
Жалпы индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардың осындай тиімді жұмысы Кентауды алдағы уақытта инвестиция тартуда бәсекеге қабілетті орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
