Кентаудағы Қарнақ ауылында гидропоникалық ферманың құрылыс жұмыстары басталды

Қарнақ ауылында көкөніс, салат, түрлі жидектер өндіруге бағытталған, жыл бойы жұмыс істейтін заманауи гидропоникалық ферманың құрылысы қолға алынды. Жоба – ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір экономикасын нығайту мақсатында жүзеге асырылып отыр. Аталған нысан Қарнақ ауылындағы Өндіріс парк аумағында бой көтеруде.

Жаңа ферма заманауи технологиялармен жабдықталады, бұл өнімді маусымға тәуелсіз өсіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде экологиялық таза әрі сапалы өнім көлемі артатын болады. Сонымен қатар, бұл ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтуға, тұтынушыларға жаңа таңдаулар ұсынуға жол ашады.

Ферма толық іске қосылғаннан кейін Қарнақ ауылында жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты артады. Жобаның ерекше мәні – гидропоника технологиясының су ресурстарын үнемді пайдалануға, ауыл шаруашылығында инновациялық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік беруінде. Бұл жаңашыл әдіс жерді аз пайдалана отырып, өнімділікті арттыруға және өндіріс шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, қала әкімі Жандос Тасовтың тапсырмасымен кәсіпкерлерді бір жерге шоғырландыру мақсатында Қарнақ ауылынан арнайы 10 гектар жер бөлінді. Қазіргі таңда сол аумақта бірнеше кәсіпкер өз жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл шаралар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға септігін тигізеді.

Жалпы, гидропоникалық ферма құрылысы Қарнақ ауылы мен оның айналасындағы елді мекендер үшін жаңа экономикалық серпін беріп, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс орындарын ұсынады. Сондай-ақ, бұл жобаның іске асуы табиғи ресурстарды үнемді пайдалану мен инновациялық технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығын жаңғыртуға үлесін қосады. Алдағы уақытта ферма толық жұмыс істей бастаған кезде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі күшейіп, ауыл экономикасы тұрақты дамудың жаңа деңгейіне жететіні күтілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *