Кентауда жеке инвестор есебінен 600 орындық мектеп және 400 орындық балабақша құрылысы басталды

Кентау қаласында білім, мәдениет және спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қаланың әлеуметтік саладағы жобалары тұрғындардың білім алу, шығармашылық және спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Айталық, Ш.Уәлиханов көшесі бойындағы мектепке инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары басталды. Жергілікті бюджеттен 24,6 млн теңге бөлініп, газ (0,3 шқ), электр (0,2 шқ) және су (1,2 шқ) желілерінің құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаның жалпы құны 197 млн теңгені құрайды. Жобаның жүзеге асуы мектеп оқушыларын сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарнақ ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы қолға алынған. Құрылыстың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 1 350 млн теңге, конкурстық құны 1 277,7 млн теңгені құрайды. 2024 жылы 107,0 млн теңге, 2025 жылы 793,7 млн теңге, ал 2026 жылы 377,0 млн теңге қаралған. Мердігер мекеме – «РСУ-1» ЖШС-і. Мәдениет үйі 2026 жылдың наурыз айында пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары үшін шығармашылық және мәдени іс-шараларды өткізу орталығына айналады.

Сонымен қатар, қалада дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда тегістеу, іргетасын құю, бағаналарды темір қаңқамен дәнекерлеу және кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде. Кешеннің жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайды. 2025 жылы 232,1 млн теңге, ал 2026 жылы 1,07 млрд теңге бөлінді. Мердігер – «Строй Жол Сервис KZ» ЖШС-і. Жаңа спорт кешені қаланың спорттық инфрақұрылымын нығайтып, жастар мен тұрғындар арасында дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, жеке инвестор есебінен 600 орындық мектеп және 400 орындық балабақша құрылысы басталды. Нысандардың құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл бастама қаладағы білім беру мен балабақша инфрақұрылымын айтарлықтай кеңейтіп, балалар мен жасөспірімдер үшін сапалы білім мен күтім көрсетуге жол ашады.

Қорыта айтқанда, Кентау қаласындағы әлеуметтік инфрақұрылым жобалары тұрғындардың білім, мәдениет және спортқа деген қолжетімділігін арттырып, қаланы заманауи және жайлы орталыққа айналдыруға бағытталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *