Түркістанда бірқатар мектептер күрделі жөндеуден өтуде
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту қажеттігін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы: «Ауылдық жерлердегі білім беру сапасын арттыру – басты міндет. Бұл ретте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер салынып, олардың материалдық базасы жақсаруы тиіс» деп нақты тапсырма жүктеді. Сондай-ақ: «Қалалар мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайтуымыз қажет. Бұл – әлеуметтік әділеттілік мәселесі», – деген болатын.
Осы тапсырмалар аясында бүгінде Түркістан қаласында жаңа оқу жылына дайындық шеңберінде білім беру мекемелерін жаңарту және инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жақында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектеп нысандарын аралап, құрылыс барысымен танысты.
Өңір басшысы алдымен биыл жөндеуге жоспарланған №17 Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясы мен №7 С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатына барды. Бұл нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер мекемелер анықталған. Құрылыс-монтаж жұмыстары мамыр айында басталып, бүгінде қарқынды жүргізілуде.
1989 жылы салынған Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясы 1266 орынға арналған. Алайда бүгінде мұнда 2737 оқушы білім алуда. Мектептің шамадан тыс жүктемеде жұмыс істеуіне байланысты, нысанда кеңейту және күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Қала басшысы бұл білім ордасының жаңа оқу жылына дейін сапалы әрі қауіпсіз жөнделуін қатаң тапсырды.
Сондай-ақ, №7 С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатта да құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнда да әкім құрылыс сапасы мен қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстауды жүктеді.
Қала ауқымындағы жұмыстармен қатар, бүкіл Түркістан облысы бойынша білім беру мекемелерін жаңғырту, кеңейту және жаңадан мектептер салу жұмыстары жалғасуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 29 мектептің құрылысы басталған. Қазірдің өзінде 13 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 16 білім ордасы ашылады деп жоспарлануда. Барлық мектептер заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушыларды ыстық тамақпен, қосымша біліммен және қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтамасыз етеді.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2025–2027 жылдар аралығында Түркістан облысында 115 мектеп жаңғыртудан өтеді. Соның ішінде биылдың өзінде 41 мектепті жаңғырту жоспарда бар. Оның 15-і ағымдағы жөндеуден өтсе, 26 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл бастама – қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған маңызды қадам.
Айта кету керек, жөндеу жұмыстары тек ғимараттың сыртқы келбетімен шектелмейді. Асханалар, кітапханалар, спорт залдары, пән кабинеттері мен оқу бөлмелері де толықтай жаңартылып, заманауи жиһаздармен және қауіпсіздік құралдарымен жабдықталуда.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылында облыста тағы бір маңызды «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы қолға алынды. Бұл бастама «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайту және ауылдық шағын жинақты мектептердің деңгейін көтеру.
Қазіргі таңда облыста 27 тірек мектеп және 147 шағын жинақты мектеп жұмыс істейді. Жоба аясында тірек мектептерге бекітілген ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, цифрлық ресурстармен қамтамасыз ету және педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру көзделіп отыр.