Кентауда жарық жүйелері жаңартылып жатыр

Электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету – қаланың өмірлік маңызы бар нысандарының тұрақты жұмыс істеуінің басты кепілі. Осы бағытта Кентау қаласында энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту бойынша кешенді шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту бағытында жүргізілуде.

Қаланы жарықпен қамтамасыз етіп отырған басты екі нысан – 220 кВ-тық «Кентау» және «Мырғалымсай» қосалқы станциялары. Аталған стратегиялық маңызы бар объектілер «KEGOC» АҚ-ның теңгерімінде. Дегенмен, олардың техникалық жай-күйі бүгінде алаңдаушылық тудырып отыр. Мәселен, «Мырғалымсай» қосалқы станциясының тозу деңгейі – 90 пайызды, ал «Кентау» қосалқы станциясында бұл көрсеткіш 68 пайызды құрайды.

Осыған орай, 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Кентау электр желілерін жаңғырту жұмыстарын бастады. Атап айтқанда, 2025 жылы екі ірі қосалқы станция мен жалпы ұзындығы 8,289 шақырымды құрайтын 6 кВ кернеулі әуе электр желілерін қайта жаңарту көзделіп отыр.

Сонымен қатар, 4 дана КТПН-10/6/0,4кВ трансформаторлық қосалқы станцияларын жаңғырту жоспарланса, бүгінде соның 2 данасы жаңартылды. Бұдан бөлек, ұзындығы 9,38 шақырым болатын 0,4 кВ әуе электр желілері өздігінен оқшауланған сымдар (СИП) арқылы жаңғыртылуда. Бұл жұмыстар аясында 312 дана ағаш бағаналар да ауыстырылып, электр желілерінің қауіпсіздігі мен беріктігі арттырылмақ.

Электрмен қамту жұмыстарының тиімділігі қаланың көше жарықтандыру деңгейінен де айқын байқалады. Бүгінгі таңда Кентау қаласының көше жарықтандырумен қамтылу көрсеткіші 98 пайызды құрап отыр. Қала көшелерінде жалпы саны 3610 жарық шамы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, 331 көпқабатты тұрғын үй ауласында 680 жарық шамы орнатылған. Бұл өз кезегінде түнгі мезгілдегі қауіпсіздікті арттыруға оң әсерін тигізуде.

Қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан жаңа мөлтек ауданға да электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілді. Аталған аумақта 47 дана жарық шамы және 1 дана трансформатор орнатылып, инфрақұрылым толықтай іске қосылды. Жобаның жалпы құны – 285,1 млн теңге.

Жалпы, Кентау қаласындағы электр қуатын жеткізу және көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту жұмыстары тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, қауіпсіз әрі сенімді инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасын табатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *