Өнегелі отбасылар – ертеңгі ел басқаратын зиялы азаматты да тәрбиелейді
Халқымыз үшін отбасы ұғымы аса маңызды. Расында әрбір отбасы – тұтас қоғамның айнасы. Отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүр сақталған Түркістан өңірі демографиялық өсім бойынша көш бастап келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік және қоғамдық институттар тарапынан отбасылардың әл-ауқатын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Өңірде жылдағы дәстүрмен кезекті «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп келеді. Бұл шын мәнінде нағыз халықтық қолдауға ие ұлттық жобаға айналып отыр. Бүгінде біздің қоғамда үлгі болатын отбасылар өте көп. Әртүрлі жобалар мен байқаулар бізге осыны көрсетіп келеді. Қуатты мемлекет те, ынтымағы жарасқан қоғам да – ең алдымен бірлігі бекем, берекесі мол отбасынан құралады. Өнегелі отбасылар – ертеңгі ел басқаратын зиялы азаматты да тәрбиелейді, бәсекеге қабілетті қоғамды қалыптастырады.
Қазіргі таңда қоғамдық жүйенің ауысуы, бұрыннан қалыптасқан, ата-бабаларымыздан асыл мұра болып жеткен салт-дәстүрлеріміздің сақталмауы қазақ қоғамына өзгерістер енгізді. Әсіресе, шетелдіктерге жөн-жосықсыз еліктеу өзінің кері әсерін көп күттірткен жоқ. Отбасындаңы ұлттық құндылықтарымызды біртіндеп жоғалту талай шаңырақты шайқалтып, ана мен бала өміріне қауіп төндіріп, бұрын көрмеген зорлық-зомбылыққа куә бола бастадық. Қазіргі таңда оған қарсы мемлекет және қоғам тарапынан күрес жүргізіліп жатыр. Арыс қаласы «Отбасын қолдау және әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі» бөлімше меңгерушісі Жазира Абыловамен болған сұхбатымыз осы жайында өрбіді. Сонымен: Қоғамда етек ала бастаған отбасындағы түрлі зорлық-зомбылыққа, былайша айтқанда, әлеуметтік дертке қарсы Арыс қаласында жақында ашылған бөлімнің мақсаты мен жұмысы туралы қысқаша айтып берсеңіз.
– Арыс қаласында 2017 жылы «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы аясында «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі» секторы ашылған болатын. Қазіргі таңда «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ «Асыл жүрек» әлеуметтік орталығы» КММ-нің «Отбасын қолдау және әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі» бөлімшесі болып жұмыс жүргізудеміз.
Бөлімшенің мақсаты – өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыға) әлеуметтік, психологиялық және заңды қолдау көрсетуге жәрдемдеседі, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту және көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасылардың қиын жағдайларын еңсеруде ынтасын арттыру және қаржылық жағдайын түзеуге жәрдемдесу болып саналады.
— Көбінесе бөлімге кімдер келеді, саны жағынан қала немесе ауыл тұрғындарының қайсысының саны басым? Осы қоғамдық мәселенің себебі неде жатыр?
-Көбінесе қала тұрғындар арасынан әйел азаматшалар психологиялық көмек алуға жүгінеді. Ал, ауыл тұрғындары «ұят болады» менталитетін ұстанады және ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығының төмендігінен көбінесе жүгінбейді. Алайда біздің қызметкерлер ауыл тұрғындарына профилактикалық түсіндірме жұмыс жүргізуінің арқасында қазіргі таңда ауылданда қызмет алушылар көбейіп жатыр.
Арыс қаласындағы «Отбасын қолдау және әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі» бөлімшесіне бүгінгі таңға дейін 58 азамат жүгінді. (42 әйел, 16 ер) Оның ішінде әлеуметтік көмекке – 5, құқықтық көмекке – 5, Психологиялық көмекке – 54, қажеттілігіне орай қызмет көрсетілді.
Елімізде ең өзекті мәселеге айналып, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі. Негізгі себебі әр отбасыда әр қалай. Бір отбасының материалдық жағдайы төмен болғандықтан, бірі қызғаныш, кейбірі ішімдік, нашақорлыққа, құмар ойындарға тәуелділік және жұмыссыздық, соның салдарынан туындайтын жанжал болып жатады.
— Қоғамда өзекті мәселеге айналған отбасындағы зорлық-зомбылықты түпкілікті жеңуге бола ма ?
— Әрине зорлық-зомбылықты түбегейлі жою мүмкін емес екенін бәрімізде түсінеміз, бірақ адамдардың санасын өзгертіп, мемлекеттегі жарғыларды өзгертуге үлес қосуға мүмкіндік бар. Қоғамдық сана өзермейінше, зорлық зомбылық азаймайды. Қазіргі жағдайда отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында болып жатқан құқықбұзушылықтардың өсуіне байланысты Жаңа Заң қабылданды.
Осыған сәйкес, халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті жұмыстар жүргізілсе өз нәтижесін берері анық.
Біздің елімізде кемсітушілікке, зорлық-зомбылыққа, қатігездік көрсетуге орын болмау керек. Баршаңызды бір-бірімізге қамқор болуға, елімізде, отбасымызда тыныштық пен татулықты сақтау үшін бар күшімізді салуға шақырамын.