132 бала дүние есігін ашты
Түркістан облысында референдум күні 132 бала дүниеге келді. Оның ішінде 70 ер бала, 62 қыз бала және бір егіз бар. Осылайша республика бойынша жоғары көрсеткішке ие болды. Жалпы, өңірде биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 30 мыңнан астам сәби дүние есігін ашқан. Олардың 345-і егіз, 7-еуі үшем. Демографиялық өсім бойынша облысымыз республикада көш басында тұр.
Айта кетейік, бүгінде отбасын қолдау орталықтары 12 аудан, қалада ашылған. Жетісай, Келес, Сайрам, Шардара аудандарында ол коммуналдық мемлекеттік мекемесі ретінде қызмет көрсетсе, Мақтарал, Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш, Сауран, Созақ аудандары мен Арыс, Түркістан қалаларында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты кіші сектор ретінде жұмыс атқаруда. Орталық түрлі қиындыққа тап болған аналар мен балаларға, отбасыларға қолдау көрсетуде.