Өнегелі отбасы

Әр отбасының өз тарихы бар, өзіне ғана тән ішкі құпиясы мен кие тұтатын өнегесі бар, ұлттық құндылықтармен жалғасатын алтын тамырлары бар. Осындай қасиетті борышын адал атқарып, кейінгіге аманаттай білген өнегелі отбасылардың бірі деп Болатхан Зейдуллаұлы мен Жанымгүл Камалқызының отбасын айтуға болады. Перзенттерінің бойына ұлттық құндылықтарымызды дарытып, мейлінше ата-дәстүр салт-санамызды сіңіруге талпынған бұл кісілердің ұрпағы саналы, өз ортасына абыройлы азаматтар. Бәрі де білікті маман ретінде  өмірден өз орындарын тапқан.

Бұл кіслердің отбасысылық өмірі  1976 жылы Алматыдағы студент кездерінен басталған. 1978 жылы оқу бітіріп келіп, Жетісай ауданына жолдамамен  мектепке орналасыпты.  Сол кезде тұңғыштары Дінислам үш айлық болатын. Ауыл мектебінде 3 жыл абыройлы жұмыс істеген отағасы    Болатхан Жетісай қаласындағы  Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепке директордың орынбасары болып ауысады. Жетісайда  он шақты жылдай жемісті еңбек еткен ерлі-зайыпты педагогтер  кейін Кентау қаласына көшіп келеді. Ол кезде Кентаудың түрлі ұлттар мекендеген,  өнеркәсіп өркендеген дүрілдеп тұрған кезі. Орыс тілі мейлінше салтанат құрған тұс. Тұрғылықты жерді ауыстыру үлкендер үшін едәуір қиындық туғызатыны анық. Ал, балаларға ол одан да қатты әсер етеді  Үй ішінде өз ұлттық тәрбие құндылықтарымен тәрбиеленіп  жатқан бала орыс тілді  мектеп тәрбиесімен үйлесе бермейтіні қиындық тудырыпты. Кентау қаласына қарасты 43 балабақшаның барлығы да тек  орыс тілінде  жұмыс істейтін еді…

Зиялы жандардың, өнегелі отбасы  балаларының жақсы өсіп жетілуіне – кішкентайларынан көркем шығармаларды көп оқып өскені себеп болғандай. Ұлдары Дінислам мен Нұрлан бала күндерінен тарихи кітаптарды көп оқыпты.

Дінислам Болатханұлы – Түркиядан келіп, түрік тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытқан (ұстаздар құрамы  жүз пайыз түркиялықтар болған)  лицей –сыныптың бірінші түлегі. Ұстаздар тілді тез үйретті де, көп әдеби, тарихи  кітаптарды оқуға ұсынды. Бұрын тек орысша, қазақша кітап оқыса, енді түрік тіліндегі кітаптарды еркін оқи бастайды. Мектепте жүріп «Жас түрік» қоғамын құрады. «Оның бағдарламасын, мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылар, т.б. заңды құжаттарын дайындап, тіркетті. Бұрынғы коммунистік тәртіптің мұрагерлері, сол кездегі саяси қызметкерлер бұған сескене қарады. Тіпті, мектеп басшылары шошып түсті», дейді  біздің  кейіпкеріміз.

Дінислам мектепте үздік оқушы болуымен қатар,  өте белсенді бала болды. Профессор Мекемтас Мырзахметұлының «Қазақ қалай орыстандырылды?» деген кітабын оқып, өзі ғана оқып қоймай бүкіл сыныптастарына оқытады. Қаладағы «Қазақ тілі» қоғамына қозғау салып, Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында профессорды шақырып конференция өткізеді. Оқушы Дінислам өзі модератор болып, кітаптағы үлкендер түсіне алмай жүрген мәселелерді ашып көрсетуге талпынғаны профессорды сүйсінткен көрінеді.

Анасының айтуынша, ол IV курста оқып жүргенінде Түркістан қаласында «Түрік жастарының екінші Құрылтайын» өткізеді. Дүние жүзінің барлық аймақтарынан түрік халықтарының жастары Түркістанға жиналды. Оларды күтіп алу, орналастыру, тамақтарын ұйымдастыру, конференция өткізу сынды жұмыстардың барлығына өзі басшылық жасады. Сол кездегі университет ректоры профессор М.Жұрынов екеуі президимуда қатар отырып, тарихи жиынды басқарды. Түрік тілін, орыс тілін таза меңгергендіктен, еркін, батыл әрекеті жиналғандарды тәнті етеді.

Университетте оқытушы болып жүріп, академик Рахманқұл Бердібайдың жетекшілігімен «Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романының поэтикасы» деген тақырыпта ғылыми диссертациясын жазды. Қорғарының алдында жұмысының толық нұсқасын жазушының өзіне апарып беріп, қорғауына шақырып келеді. Басында «бара алмаспын» деген екен жай ілтипатпен. Қорғаудан екі күн бұрын жазушы келетінін айтып қоңырау шалады. «Жұмысын алып келгенде, жас бала екен, менің жазғандарымнан не ұға қояр дерсің деп онша көңілім толмаған еді. Оқып көрсем, жоқ, тіпті көсіліп сілтеп барады. Тарихтың тереңіне барып, себеп салдарларын танып, роман көркемдігі мен тарихи қабаттарды ақтарып тастапты. Риза болдым, рахмет!- депті жазушы ризашылығын білдіріп. Романды «роман-эпопея» екендігін теориялық жағынан дәлелдегенде, тіпті, жазушы толқып отырды. Жас ғалым осылайша абыроймен өзінің зерттеуін мойындатты.

«Нұрлан да,  Абзал да   өте қабілетті бала болды. Әр бала – жеке тұлға. Оның өзіне тән мінезі, өзіне тән қасиеті болады. Бір ата-анадан туғанымен бірін-бірі қайталамайды. Кенжеміз Әнуар да бізге көп қуаныш сыйлады. Өте зерек, ұғымтал, сабырлы болды», дейді отанасы Жанымгүл апай.

Әкелерінің абыройлы қызмет атқаруы да бұл отбасының бала тәрбиесіне әсері болған секілді. Болатхан мырза Кентауға келген соң, қалалық білім бөлімінде инспектор болып біраз қызмет етіпті.  Елде басқару жүйесі ауысқан кезде Түркістан аудан әкімшілігінде бас маман, одан кейін Ішкі саясат бөлімінің бастығы, Жалпы бөлімінің бастығы, қалалық білім беру бөлімінің бастығы, мектеп директоры, Кентау қалалық білім беру бөлімінің бастығы, Шымкент қаласындағы Мұғалімдерлің білімін жетілдіру институтында, «Өрлеуде» басшы қызметтерінде болып, абыроймен зейнеткерлікке шығады.  Әрбір қызметіндегі артына қалдырған жақсы ізін әріптестері мен ортасы үнемі айтып жүреді. Мемлекет тарапынан алған алғыс хаттары, Ы.Алтынсарин төс белгісі, «Еңбек ардагері» медалі осыған дәлел.

«Әкелерінің үлгісімен балаларымыз да түрлі салада, түрлі дәрежеде абыроймен қызмет етуде» деп шүкіршілік етеді отанасы Жанымгүл апай.

Дінислам Болатханұлы  университетті үздік бітірді. Еңбек жолын университететте ұстаздықтан бастайды. Кандидаттық диссертациясын қорғады.

ҚР Білім және Ғылым министрлігінде бас маман, басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының бірінші проректоры, ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінде департамен директоры, Павлодар Облысының білім беру басқармасының басшысы, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.

Нұрлан Болатханұлы  – экономист. Әке жолымен  мемлекеттік қызметкер болды.  Нұрлан Түркістан аудандық әкімшілінде маман, Шардара аудандық әкімшілігінде маман, бөлім басшысы, Облыстық әкімшілікте бас маман, Созақ ауданы әкімінің орынбасары, Шымкент индустриялық аймақтың басқарма орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде  Түркістандағы «Әзірет сұлтан» музей қорық мекемесінде  қызмет етеді.

Абзал Болатханұлы  Қ.А.Ясауи университетінің медицина факультетін, оның интернатурасын бітіріп, еңбек жолын  Түркістанда хирург болып бастаған. Бүгінде  елордадағы «Достық» емханасында бас дәрігер.

Әнуар Болатханұлы – қаржыгер, экономика ғылымының магистрі. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның «Саррей» университетінде магистратурада оқыған. Министрліктердің қаржы басқармаларында басшы орынбасары, басшы болды. Бүгінде Астана қаласы әкімшілігінің экономика жоспарлау басқарма басшысының орынбасары.

«Ерге  лайық   ат туады» дейді халық даналығы. Ер азаматтың жорыққа шықса серігі астындағы тұлпары, артындағы қара орманының тұтқасы ақылды әйелі болған ғой. Сондықтан, тұлпар таңдау мен жар таңдау – қазақ қоғамындағы  ең маңызды мәселе болған, Біздің де ұлдарымыз өз теңдерін тауып, отбасын құрап, перзент сүйіп отыр. Ұрпағымыздың жалғасқанын көріп, біз де тілегіміз орындалғандай болып отырмыз.Тамырларымыз суалмасын, нәрлене берсін!-деп толғанды кейіпкеріміз бізбен сұхбатында.

Саялы бәйтеректей өсіп-өнген берекелі, құтты шаңырақта немерелері өсіп жатыр. Апайдың айтуынша немерелері қазіргі заманның үш тілді тұлғасы болып өсуде. Өз тілдерін жақсы біледі, сонымен қатар ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлеп, ағылшын тілінде шет елде үшеуі  оқу грантын жеңіп алып, оқып жатыр екен. Тұңғыш немересі Ардақ – Литвада, Жансая Финляндияда, Гүлсая Малайзияда оқып жатыр. Ерасыл – Биология пәні бойынша  Республикалық олимпиададан екінші орын иемденіп, күміс жүлдегер атанған. Ол да ағылшын тілінде қорғапты. Бірақ, әжесі ол үшін аса  қуанып, мақтанбайды. Оларды ағысы қатты жаһандану мұхитының толқынына жұтылып, өз тамырынан ажырап қалмаса екен деп алаңдайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *