Жаңартылатын энергия көздері атом энергиясы сияқты тұрақты әрі қуатты энергия өндіре алмайды
Әлемде электр энергиясын экспорттау мәселесі күн тәртібінде тұрған елдер жоқ деуге болады. Сондықтан, біз де өз қажеттіліктерімізді өзіміз өтеп, ел ішіндегі электр қуатының тапшылығынан құтылуымыз керек. Бүгінгі таңда дүние жүзінде 62 реактор салынып жатыр, көптеген елдер атом электр станцияларының паркін кеңейту жоспарына кірісіп кеткен. Өйткені, олар атом энергиясының болашақ үшін және тұрғындардың денсаулығы үшін еш қауіпсіз екеніне әлдеқашан көз жеткізген.
Ядролық энергетика, қатаң түрде жаңартылатын энергия көзі болмаса да, парниктік газдар шығарындылары аз және үлкен көлемде электр энергиясын өндіру қабілетіне байланысты жаһандық экологиялық күн тәртібінде маңызды рөл атқарады. Дәстүрлі көмір және газ электр станцияларынан айырмашылығы, атом электр станциялары энергия өндіру кезінде атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайды. Уран қоры мол Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салған тиімді. Неге десеңіз, ол біздің энергияға деген қажеттілігімізді өтеп қана қоймайды. Сонымен бірге болашақ ұрпағымызды да энергиямен қамтамасыз етеді. Ұзақ жыл қызмет етеді. Ауада зиянды заттардың таралуына жол бермейді.
Бүгінгі таңда біз күн, жел және су энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудамыз. Бұл технологиялар көмірқышқыл газының төмен шығарындыларына ие және атом электр станцияларымен салыстырғанда апаттық қауіп тұрғысынан айтарлықтай төмен. Дегенмен, олардың қолданылуының шектеулері бар. Мысалы, күн және жел энергиясы ауа-райына тікелей байланысты. Әрине, жел энергиясы еліміздің кейбір аймақтарында тиімді болуы мүмкін. Алайда, тұтастай алғанда жаңартылатын энергия көздері атом энергиясы сияқты тұрақтылық пен қуатты энергия өндіре алмайды. Сондықтан, бізге энергияның сенімді балансын қамтамасыз ететін станция қажет. Ол электр энергиясына сұраныстың өзгеруіне және табиғи ауытқуларға тиімді төтеп бере алатын икемді және серпімді энергия жүйесін қалыптастырады. Уранның үлкен қоры және жаңартылатын энергия көздерінің елеулі әлеуеті бар.
Қазақстандағы бірінші атом электр станциясын салу үшін Алматы облысы Жамбыл ауданы, Үлкен ауылының аумағы алдын ала қарастырылуда. АЭС-тің қуатты базалық электр энергия көзі ретіндегі негізгі мақсаты Қазақстанның оңтүстік аймағындағы тапшылықты жабуға бағытталып отыр. Сондықтан құрылыс алаңы оңтүстік аймаққа жақын жерде, қолданыстағы желілік инфрақұрылымды ескере отырып таңдалмақ.
Атом электр энергиясын салу арқылы біз парниктік газдар шығарындыларын азайтамыз. Атом электр станциялары көмірқышқыл газын және басқа парниктік газдарды шығармайды, бұл климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі. Сонымен қатар, энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ете аламыз. Атом электр станциялары импорттық энергия ресурстарына тәуелділікті азайтуға және елді тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл электр энергиясы тарифтерінің өсуіне қарсы әрекет етеді. Атом электр станциялары электр энергиясын салыстырмалы түрде төмен бағамен өндіреді. Мұның тұтынушыларға тиімді болары сөзсіз.
Ирисметов Махамеджан Ахмеджанович — «Ядролық полигондың ардагерлері» қоғамдық бірлестігі төрағасы