Ауыл шаруашылығын дамыту – ел болашағының тірегі

Түркістан облысы – еліміздің аграрлық әлеуеті зор, табиғи климаты мен еңбекқор халқы ауыл шаруашылығының дамуына қолайлы өңірлердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бұл салаға ерекше назар аударып, ауыл шаруашылығы – ұлттық экономиканың драйвері екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы орайда, Келес ауданындағы жеке кәсіпкер, ұқыпты диқан әрі әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азамат – Айбек Сарыбаевтың еңбегі өзгелерге үлгі боларлық.

Айбек Сарыбаев – Ұшқын ауылдық округінің тұрғыны. Ол 3 гектар жерге анар мен шабдалы егуді қолға алып, бау-бақша шаруашылығын табысты жүргізуде. 2023 жылы оның анар бағы 1,5 тонна өнім берсе, биылғы меже – 4 тонна. Бұл – қажырлы еңбек, жүйелі жоспарлау және мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі. Президент Қ.Тоқаев 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Шағын және орта бизнесті қолдау – тұрақты экономикалық өсімнің негізі. Әсіресе ауылдық жерлерде жеке кәсіппен айналысатын азаматтарды барынша ынталандыру қажет», – деген еді. Айбек Сарыбаевтың жұмысы осы ұстанымның жарқын көрінісі. Ол тек шаруашылығын дамытып қоймай, ауылдағы әлеуметтік мәселелерге де бейжай қарамайды. Айбектің ерекше атқарған істерінің бірі – елімізде жүзеге асырылып жатқан «Күміс жас» бағдарламасына белсене қатысуы. Бұл жоба Қазақстан Республикасының Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүзеге асып отыр.

Бағдарламаның мақсаты – зейнеталды жастағы азаматтарға еңбекке араласуға мүмкіндік беру және олардың тұрақты табыс көзін қамтамасыз ету. 2023 жылдан бастап Айбек Сарыбаев осы жоба арқылы үш азаматты маусымдық жұмысқа тартты. Бұл адамдар – 50 жастан асқан, бұрыннан бері жұмыс іздеп жүрген ауыл тұрғындары. Олардың әрқайсысы шаруашылықта белсенді еңбек етіп, табыс тауып отыр. Ал жалақысының бір бөлігін мемлекет субсидиялайды: бірінші жылы – 70%, екінші жылы – 65%, үшінші жылы – 60%. Бұл – жұмыс беруші мен жұмысшы үшін де үлкен мүмкіндік. Бағдарлама шартына сәйкес, үш жылдық кезең аяқталғаннан кейін жұмыс беруші азаматтарды тұрақты жұмысқа қабылдауы тиіс. Бұл – ауылдағы еңбек нарығын тұрақтандыруға, аға буын өкілдерінің әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған нақты қадам. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын өз сөзінде жиі айтады: «Әлеуметтік әділеттілік – ел дамуының басты кепілі. Біз еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек».

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту – өңір экономикасының негізгі бағыты. Облыста мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан субсидиялар мен бағдарламалар фермерлердің аяғына нық тұруына жағдай жасап келеді. Бұл жөнінде Үкімет те жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агробизнес өкілдеріне арнап түрлі оқыту курстарын, кооперация мүмкіндіктерін ұсынып, ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытында да нақты жұмыстар атқаруда. Айбек Сарыбаевтың жетістігі – осы мемлекеттік саясаттың шынайы іске асып жатқанының бір дәлелі. Ол 2023 жылы өндірген анар мен шабдалы өнімдерін өңірлік базарлар мен сауда орындарына жеткізіп, өзінің табыс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жергілікті азық-түлік қауіпсіздігіне де үлес қосып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында: «Ауыл – елдің алтын бесігі. Ауыл шаруашылығы мен ауыл өмірін қолдау – ел дамуының стратегиялық міндеті», – деп атап көрсеткен болатын. Айбек Сарыбаевтың еңбегі осы сөздердің өмірдегі нақты көрінісі.Ұшқын ауылындағы қарапайым шаруаның табысты кәсіпкерге айналуы – елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық саясаттың, мемлекеттік бағдарламалардың шынайы тиімділігінің көрінісі. Мұндай іскер азаматтардың көбейе түсуі – ауылдың да, елдің де болашағын жарқын етері сөзсіз. Айбек Сарыбаевтың тәжірибесі ауыл шаруашылығын дамытудың, еңбекке қабілетті зейнеталды жастағы азаматтарды жұмысқа тартудың озық үлгісі саналады. Мұндай бастамалар ауылдағы тұрақты дамуға жол ашып, ел Президенті ұсынған «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын өмірге шынайы енгізуге мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *