Сауранда мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы ашылады

Түркістан облысындағы елді мекендерде бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандардың саны жыл санап артуда. Ғимараттардың құрылыс сапасы мен орындалу мерзімі жіті бақылауда тұр. Жақында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Сауран ауданы, Ораңғай ауылында салынып жатқан екі бірдей оңалту орталығында болып, мердігерлермен кездесті. Жауапты тұлғалардың жұмысын сынға алып, оларға нақты тапсырмалар берді.

Ораңғай ауылындағы 200 орынды оңалту орталығының құрылысы 2021 жылдың қыркүйек айында басталған. «Шымкент Құрылыс» ЖШС жұмыстарды бекітілген кестеден кешіктіруде. Құрылысқа республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қаралған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары мен құрал-жабдықтарды жеткізу және орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысанның сыртқы алаңының абаттандырылуы 98%-ға аяқталған.

Бүгінде құрамында басқарма өкілдері, облыстық мәслихат депутаты және қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар жұмыс тобы нысанды қабылдау жұмыстарын жүргізуде. Орталық қазан айынан бастап толық іске қосылып, мұқтаж азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді бастайды деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Ораңғай ауылындағы 50 орынды психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ғимаратының құрылысы жоспарға сай жүргізілуде. «KAZ Intel Group» ЖШС өткен жылдың шілде айында құрылыс жұмыстарын бастаған. Нысанды жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру көзделіп отыр.
Осы күні облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс орталығындағы Еңбек мобильділігі орталығында болды. Облыс әкімінің орынбасарына атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар баяндалды.

Орталықтың аудан, қалаларда 17 филиалы – «Мансап» орталықтары халыққа қызмет көрсетеді. Олар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту шараларын іске асырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *