Тамара аяқ киім тігіп, табыс тауып отыр

Бәйдібек ауданы Майбұлақ ауыл мектебінің көркем еңбек пәнінің оқытушысы Тамара Қорғанбайқызы ұстаздықпен қатар аяқ киім тігіп, жүннен қабырға суреттерін тоқиды.

Қолөнер шебері қойдың қырқылған жүнінен шұлық-қолғап тоқумен айналысқан. Жүннен қабырға суреттерін жасауды қолға алған ұстаз кәсібін шәкіртеріне үйретіп келеді. Жасаған өнімдері аудандық-облыстық байқауларда жүлделі орындар алған.

— Ниет болса кез-келген адам қолөнерді үйреніп, кәсіп ашуға мүмкіндігі бар. Алғашқыда жүннен шұлық-қолғап тоқыдым. Кейін аяқ-киім тігуді үйреніп, үйімдегі балаларыма жасап көрдім. Туыстарым мен ауылдастарым көріп тапсырыс бере бастады. Синтетикалық қоспасы жоқ, денсаулыққа пайдалы әрі терлетпейтін жылы, ауа өткізгіш үй аяқ киімдеріне сұраныс арта түсті. Тапсырыс көптеп түскенде үлгере алмай қалатын кездер болады. Бір адамның аяқ киімін тоқуға 4 сағат уақытым кетеді. Екі қызым дайын болған өнімді әрлеумен айналысады. Қызығушылық танытқандар келіп, сапасын көріп саудаласпай алып жатыр. Еңбегіме қарай қосымша айына 150 мың теңге табыс тауып отырмын, — дейді шебер.

Жалпы қазіргі таңда қоғамымызда кәсіп бастаймын деген адамға бүгінде мүмкіндік көп. Мемлекет қайтарымсыз грант негізінде және жеңілдетілген несие беру арқылы бизнес-идеяларды жүзеге асыруға барынша қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, өткен жылы 6 мыңға жуық адам 2,5 пайыз мөлшерлемемен несие алып, өз кәсіптерін бастаған. Ал, 9 мыңнан астам қазақстандық қайтарымсыз грант алыпты.

Мұндай қолдау биыл да жалғасын табуда. Биыл 5,8 мың адамның несие алуына 29 млрд. теңге бөлініп, тағы 9 мың азамат қайтарымсыз грант алу мүмкіндігіне ие болмақ. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Ол үшін 13 млрд. теңге қарастырылған. Оған өтініш беру 8 сәуірден басталады. Алғашқы лекте 4500 адамға грант беру жоспарланып отыр. Бұл қаражат ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады. Өтініш «Business.enbek.kz» порталы арқылы қабылданады.

Енді қайтарымсыз грантқа қол жеткізудің талап-тәртібі мен ереже-шарты қандай, сол туралы айтайық. Қайтарымсыз қаражатқа өтініш беру үшін порталда тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту керек. Сосын бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтырып порталға енгізесіз. Одан кейін өтініш нысанын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет. Егер интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаса, халыққа қызмет көрсету орталығы немесе мансап орталықтарының өзіне- өзі қызмет көрсету аймағына барсаңыз болады.

Тілге тиек етер тағы бір нәрсе, қайтарымсыз грант аламын деген адам жұмыссыз ретінде тіркелген болуы керек. Немесе кемі 3 жыл жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы шарт. Оған қоса, үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болуы міндетті:

* мүгедектігі бар адамдар;

* қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар;

* өңіраралық қоныс аударушылар;

* аз қамтылған отбасы мүшелері;

* көп балалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);

* мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);

* асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Қаржыны қажетті құрал-сайман, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтар, мал, жануар, құстар сатып алуға, көшет, бұталарды, тұқымдарды сатып алу үшін, сондай-ақ, кәсібін жүргізуге арналған орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Бұл қаржы тұтынушылық мақсатқа, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй  немесе жер учаскелерін алуға берілмейді.

Үміткерлердің өтінішін Еңбек мобильділігі орталықтарындағы арнайы комиссия қарап, саралайды. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады. Комиссия мүшелері бизнес-идеяның бәсекеге қабілетті болуы мен өміршеңдігіне, үміткердің кәсіпкерлік дағдыларына мән береді. Жаңа жұмыс орындарын құру да комиссия баса мән беретін жайлардың бірі. Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Егер грант беру мақұлданған болса, үміткер банк деректемелерін ұсынып, шартқа қол қояды. Содан кейін әр тоқсан сайын қаражаттың қайда, қалай жұмсалғаны жайлы есеп беріп отыруы тиіс.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *