«Изуми-тау» сауықтыру лагеріне 250 оқушы жіберілді
Биылғы жылы Қазығұрт ауданы бойынша 2262 бала жазғы сауықтыру лагеріне барады деп жоспарланған. Осы мақсатта ағымдағы жылдың 19 маусым күні Төле би ауданындағы «Изуми-Тау» сауықтыру лагеріне 250 оқушы жіберілді. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай 5-10 сынып оқушылары лагерьге қабылданады. Әр ауысымның ұзақтығы — 10 күн.
Жазғы сауықтыру орнына облыстық бюджет есебінен аз қамтылған отбасылар, мектепішілік есепке тіркелген балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және патронат балалар қамтылады.
Бүгінде облыс бойынша бірінші ауысымға 2464 бала қабылданған. Оның ішінде «Қазақстан халқына» қорының есебінен Түлкібас ауданындағы «Машат–Арасан» сауықтыру лагеріне 8 ауданнан 400 бала, Маятас ауылындағы «Гавая» лагеріне 3 ауданнан 250 бала тегін жіберілді. Түлкібас пен Төлеби аудандарындағы лагерьлерде облыстағы 2 отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 152 тәрбиеленуші жаз бойы демалады. Одан бөлек, 266 оқушы басқа облыстардағы «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру лагерьлерінде тынығады.
Жазғы лагерьлер бірнеше ауысыммен жұмыс істейді, осылайша маусым айының өзінде облыстағы 7 мыңнан астам оқушы демалыстарын мазмұнды өткізеді. Сауықтыру лагерьлері жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді деп жоспарланған.
Жалпы жаз мезгілінде Түркістан облысында 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Олардың 9-ы – мемлекеттік, 22-сі – жекеменшік. Сонымен қатар өңірде мектеп жанындағы бір мезгіл тамақпен қамтитын 350 лагерь және 648 ойын алаңшасы балалар үшін қызмет көрсетеді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 446 педагог қызметкер жұмыс істейді.