Қазақстанда Жасанды интеллектті дамыту стратегиясы әзірленіп жатыр
Қазақстанда жасанды интеллект қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда бұл жұмыс үш бағыт бойынша жүргізілуде: Институционалдық база, Технологиялық инфрақұрылымды дамыту және адами капиталды дамыту. ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ЦДИАӨМ Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов әр бағыттағы жобалар туралы айтып берді.
Былтыр Цифрлық даму министрлігінде Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылды. Осыған байланысты жасанды интеллекті (ЖИ) дамыту, мемлекеттік саясатты қалыптастырумен айналысатын және мемлекеттік органдар арасында салалық үйлестіруді жүргізетін мемлекеттік органдағы ведомство айқындалды.
«Комитет құрылғаннан кейін бізге мақсаттарды, міндеттерді, қалай дамитынымызды анықтау керек болды. Сол себепті алдағы бес жылға бағытталған ЖИ даму тұжырымдамасын қабылдадық. Бұл тұжырымдама халықаралық тәжірибені, Қазақстанда қалыптасқан жағдайды қамтиды. Біз жасанды интеллектің алты негізгі бағыты бойынша міндеттеріміз бен мақсаттарымызды сипаттаймыз: адами капитал, инфрақұрылымды дамыту, деректерді дамыту, мемлекеттік саясат және басқалар», – деді Ғиззат Байтұрсынов.