Ардагерлер кеңесі аталы сөз айтатын ғана емес, өзекті мәселелерді шешуге үлес қоса алатын ықпалды ұйым
Қазақ қай заманда да үлкенді сыйлап, олардың аталы, баталы сөзіне тоқтаған. Бүгінде өңіріміздегі барлық аудан, қалаларда елдің ұйытқысы болып, ауызы дуалы қариялардың басын қосқан Ардагерлер кеңесі жұмыс істеуде. Осы орайда біз Сайрам ауданындағы Ардагерлер кеңесінің жұмысы жайлы кеңірек жазуды жөн көрдік. Ардагерлер кеңесі өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді.
Түркістан облысында 50-ден астам ұлт пен ұлыс тұратын болса, соның 40-тан асматы Сайрам ауданында өмір сүруде. Атап айтар болсақ, бүгінде мұнда қазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан, тәжік, татар, түрік, кәріс, украин, күрді, неміс, ұйғыр, шешен, қырғыз ұлтының өкілдері тату-тәтті тіршілік кешуде. Осыдан-ақ өңірдегі Ардагерлер кеңесіне артылған жауапкершілік жүгінің қаншалықты ауыр екенін байқауға болады. Орайы келгенде біз Сайрам ауданындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілес Айтжанмен тілдесіп, кеңестің қызметі және оның алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспарымен таныстық.
— Ардагерлер кеңесі аудандағы сан-алуан мәселелерді талқылап, ұйғарымға келетін, ресми орындарға ұсыныс беретін көпшілікті басқарудың қоғамдық бір түрі болып табылады. Ардагерлер кеңесінің тарихы көне дәуірден басталады. Қазақ елінде тарихи рөл атқарған «Хан кеңесі», «Билер кеңесі» де өз бастауын осы ардагерлер кеңесінен алған деуге болады. Дегенмен, олардың өзіндік айырмашылықтары болды. «Хан кеңесі» мен «Билер кеңесі» аса шұғыл, ел басына қатер туған шақтарда болмаса, басқа кезде келісім бойынша белгіленген мерзімде өткізіліп отырған. Ардагерлер кеңесі ауыл-аймақтың тұрмыстық, шаруашылық қажеттеріне орай кез келген уақытта өткізіле берген.
Ардагерлер кеңесі негізінен шаруашылыққа, тұрмысқа, сауда қарым-қатынастарына байланысты мәселелерді, жер-су меншіктерінде ұшырасып жататын дауларды қолдарынан келгенінше бейбіт жағдайда шешуге мұрындық болады. Ардагерлер кеңесі кейбір ұжымдарда әлі күнге дейін сақталған. Олар көбінесе тәртіп, тәрбие мәселелерімен шұғылданады, шаруашылық мәселелеріне келгенде де өз ұсыныстарын айтады, — дейді Ілес Айтжан.
Аудан аумағындағы 11 ауыл округінде Ардагерлер кеңесі жұмыс істейді. Олардың өздерінің төрағалары бар. Ардагерлер кеңесінің міндеті биліктің атқарып жатқан істерін халыққа насихаттап, жастар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізуге ықпал ету. Кеңес құрамына сол жергілікті жерде ауызы дуалы, аталы, баталы сөзі бар, ұрпағы өсіп-өніп отырған қариялар енген. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де құқықтық актілерді, сондай-ақ Үлгілік ережені басшылыққа алады.
Кеңес мүшелері жергілікті тұрмыстық қатынастарды зерделеуге, халықтың проблемалық және өзекті мәселелерін анықтауға, қоғамдық және тұрмыстық мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті қоғамдастықтардың бірлескен шешімдерін іздеу және сұрақтар тізбесін қалыптастыруға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қоғамдық ұйымдарда жергілікті қоғамдастықтардың мүдделерін білдіруге, заңдылықты сақтауға, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жергілікті қоғамдастықтар мен азаматтардың мемлекеттік, құқық қорғау, білім беру және өзге де органдардың (ұйымдардың) өкілдерімен өзара іс-қимылын ұйымдастыруға, азаматтардың қоғамдық құқық қорғау ұйымдарымен, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құрылымдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыруға, қоғамдық маңызы бар және жеке мәселелерді шешу бойынша азаматтарға консультациялық көмек көрсетуді ұйымдастыруға, азаматтардың, әсіресе жастардың жалпы мәдениетін арттыру, азаматтық жауаптылық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі жұмысқа қатысуға құқылы.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі және шоғырландырушы негіз ретінде ілгерілетуге, Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға жәрдемдесуге, жергілікті қоғамдастықтар аумағында қоғамдық бастамаларды, оның ішінде қайырымдылық, волонтерлік, қоғамдық бақылау, жастар қозғалыстарын дамытуға жәрдемдесуге, құқық бұзушылыққа бейім, әсіресе отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында және әйелдер мен балаларға қарсы бағытталған азаматтардың қоғамдық профилактикасын ұйымдастыруға, мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен әлеуметтік, этникалық деңгейге өтуі мүмкін жанжалдарды шешу жөніндегі бірлескен жұмысқа қатысуға, қоғамдық маңызы бар және жеке мәселелер жөнінде азаматтардың өтініштерін қарауды ұйымдастыруға, халықпен бірлікті және келісімді нығайту мәселелері жөнінде кездесулер өткізуге құқылы.
— Қазақ халқы басынан қандай нәубетті өткізсе де ұрпағына ұлағатты тәрбие беруді ұмытпаған. Әу бастан мұны бірінші кезектегі мәселе ретінде қарастырып, оны назардан тыс қалдырмаған. Міне, сондықтан да қазақ халқы әрқашан да өнегелі, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ұлт. Осы елдің ұйытқысы болған абыздар елдің ынтымағы мен тұтастығын, бірлігі мен елдігін тереңнен ойлаған. Сондай қарияларымыздың жолын жалғап келе жатқан бүгінгі ардагерлердің де атқарар шаруасы шаш-етектен деуге болады. Дәл қазір аудандағы ардагерлер кеңесі аудан әкімі Арман Сәбитовпен бірге ауыл округтерін аралап, онда күн тәртібінде тұрған мәселелерді көп болып талқылауға, шешуге атсалысуда. Осыдан-ақ, аудандағы Ардагерлер кеңесінің жергілікті жерде туындаған мәселелерді шешуге ықпалды, рөлі зор ұйым екенін көруге болады. Мен айтар едім, жалпы мұндай әрекеттер елдің бірлігі мен тұтақтылығының сақталуына үлкен үлес қосады. Ал, бұл біздің аудан үшін аса маңызды дүние, — дейді Ілес Айтжан.
Ұлттық болмысымыз, салт-дәстүрлеріміз, ұлтық қасиеттеріміз бен құндылықтарымыз негізінде елдің тұрақтылығы мен ауызбіршілігін сақтау, ел ішіндегі дау-дамайларды бейбіт жолмен шешуге, ел ішіндегі ұлттық салт-дәстүрлеріміздің сақталуына, жастардың тәлім-тәрбиесіне, халықтың тұрмыстық әл-ауқатының, соның ішінде ардагерлердің денсаулығы мен жағдайын жақсартуға ықпал ету біз әңгімемізге арқау етіп отырған Ардагерлер кеңесіне жүктелген міндет. Міне, сондықтан, жергілікті ардагерлерді ұйымдастырып, олардың белсенділігін көтеріп, мұң-мұқтажын шешіп отырған, денсаулығын жақсартуды тиісті орындар алдына қоя білген, өзекті мәселелерді шешуде билік пен халық арасында «алтын көпірге» айналған Ардагерлер кеңесіндегі қарияларға айтар алғысымыз шексіз.
Мақаламыздың соңында Ілес Айтжан ағаның жеткізген ақжолтай хабарын да жаза кетейік. Ауданда қазан айына дейін ардагерлер ем алатын, демалатын орталық ашылмақ. Мұндай орталықтар бүгінде өңіріміздегі бірқатар аудандар мен қалалар да бар. Жақын күндері Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың бастамасымен Сайрам ауданында да іске қосылатын болады.