Түрік қызы Гүлназ қазақ тілін жетік меңгерген
Гүлназ Бахутованың ұлты түрік болса да, қазақ тілін еркін меңгерген жастардың бірі. Ол Сайрам ауданындағы Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледжде оқиды. Біз Гүлназбен облыстық деңгейде өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқауда таныстық. Гүлназ қазақ тіліне жетік меңгерген. Ол бұл байқауға өзі оқитын оқу орнында өткен «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты тақырыпта өткен байқауда бас жүлдені жеңіп алып, сол бойынша берілген жолдамамен келген екен.
Гүлназ Түркістан қаласында өткен облыстық сайыста та өзінің жан-жақтылығымен, қазақ тілінде ойын еркін жеткізе алатын қырымен көз түсіп, жүлделі үшінші орында иеленді.
Болашақта ол шет тілінен бастауыш сынып оқушыларына дәріс беретін мұғалім болмақ.
— Қазақстанда тұрғанымнан кейін қазақ тілін білмеу, маған сын болады деп ойлаймын. Отбасымда мен ғана емес, менің ата-анам мен бауырларым да қазақ тілінде еркін сөйлейді, — дейді кейіпкеріміз.
Гүлназ Бахутова 2004 жылдың 12 тамызында дүниеге келген. Оқу озаты. Гүлназдің отбасы түріктің де, қазақтың да салт-дәстүрлерін ұстайды екен. Кейіпкеріміз достарымен де, группаластарымен де қазақ тілінде сөйлесетінін айтады.
— Біздің алғаш оқуға түскенде бір-біріміздің әртүрлі ұлттан екенімізді білдік. Бірақ, қазақ тілінде сөйлесіп, бір үйдің баласындай бір-бірімізді түсініп кеттік. Сондықтан, тіл үйрену мен сөйлеуде қоршағаның ортаның маңызы зор деуге болады, — дейді Гүлназ.
Бүгінде Түркістан облысында 50-ден астам ұлт пен ұлыс тұрады десек, соның 40-ы Сайрам ауданында бір шаңырақ астында, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып тату-тәтті өмір сүруде. Мұндағы этностардың ынтымақтастығын көпке үлгі етуге болады. Аудан аумағында өмір сүріп жатқан өзге халық өкілдері де өңірдің дамуы мен экономикалық әрі саяси тұрақтылығы үшін тер төгіп келеді. Әсіресе, өзге ұлт жастарының қазақ тілін меңгеруіне ден қойғаны қуантады. Солардың бірі біздің кейіпкеріміз – Гүлнәз.
Ол өте ашық, көпшілікпен тез тіл табысқыш қыз. Достарының дені – қазақтар.
— Менің қазіргі міндетім, сабақты жақсы оқып, әке-шешемнің атына кір келтірмеу. Қазақта «Бір тіл білген адам – бір адам, он тіл білген адам – он адам» деген сөз бар. Мен осы қағиданы ұстанамын. Өзімнің ана тілім түрік тілін қалай меңгерсем, мемлекеттік тілді де сол деңгейде білуім керек деп білемін, — дейді ол.
Қазір аталмыш колледжде түрік қызының қазақша сөйлегеніне қуанатын, оны үлгі тұтатын құрдастары көп. Сондықтан біз де Гүлназдs өзгелерге үлгі етуге тырыстық.