СҚО-да жол апаттарында биыл үш адам қаза тауып, 65-і жарақаттанды

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларында үш адам мерт болды, оның біреуі — бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жыл басынан бері 35 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан үш адам қаза тауып, 65 адам жарақат алды. Қаза тапқандардың ішінде бір бала бар және бес жасөспірім жарақат алған.

Жол-көлік оқиғаларының ең көп тараған түрі – бетпе-бет соқтығысу, осындай 20 апат болды, 45 адам жарақаттанды, 3 адам қаза тапты.

Тәжірибе көрсеткендей, бұл көбіне маневр жасау ережелерін бұзу, қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту, негізгі жолмен келе жатқан көлікті өткізбей, қиылыстардың өту кезектілігін бұзу кезінде болады.

«Жол қателікті кешірмейді. Сондықтан автокөлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтауға және жолдарда қырағы болуға шақырамыз. Қиылыстардан өту кезектілігінің ережелерін сақтамау, қарсы жолаққа шығу және басқа да өрескел бұзушылықтар ауыр зардаптары бар жол-көлік оқиғаларына әкеп соғады», — дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларына әкелетін негізгі себепке жылдамдықтың артуы және ара қашықтықты сақтамау жатады.

«Сонымен қатар мас жүргізушілердің кінәсінен үш жол апаты болды. Оның салдарынан бес адам жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларының тағы бір кең тараған түрі – жаяу жүргіншілерді соғып кету. Жыл басынан бері осындай 9 оқиға тіркелді. Оларда 9 адам зардап шекті, ал төртеуі белгіленбеген жерде немесе бағдаршамның тыйым салу сигналына өтуіне байланысты жарақат алды. Қозғалыстың барлық қатысушыларына жаяу жүргіншілер өткелдерінде ерекше қырағылық танытуға кеңес береміз. Апатты азайту үшін полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді», — дейді Айдын Байматов.

Айта кетейік, СҚО-да «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Аталған іс-шаралар құқықтық тәртіпті нығайтуға және қозғалыстың барлық қатысушыларының тәртібін арттыруға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *