Жерлесіміз -«Алтын кітапта»
Білім мен ғылымды, əдебиет пен өнерді қадір тұтатын, көзі ашық, көкірегі ояу жамағайындардың үйіне бара қалғам. Үйдің бір қабырғасын алып тұрған сөредегі кітаптардың арасынан сыртқы көрінісі қомақты, алтындай жарқыраған үлкен кітапқа бірден көзім түсті.»Қазақстанның Алтын кітабы»-,деп жазылыпты мұқабасында. Астана қаласындағы»Эдельвейс» баспалар үйінен» биылғы жылы жарық көріпті. 320 бет! «Алтын кітап та болады екен-ау ?»- деген қызығушылықпен қолыма алып парақтай бастадым. «Баспа құралының əрбір беті, əрбір бөлімінің оқырманға айтары мол. Мұнда саясат пен бизнес, қоғамдық сала мен спорт, өнер мен ағартушылық, мəдениет салаларында жетістік желкенін керіп, арғы жағы əлемнің, бергісі ел ішінің қошеметіне бөленген тұлғалардың өміріне тоқталған.»- деп түсінік беріліпті аннотацияда. Одан ары қарай «Қазақстанның Алтын кітабы»- бойындағы қабілетін ізденіске, қажыр-қайратын, еңбегін ел игілігіне арнаған алтын жүректі, есімі ел есінде, еңбегі кейінгі ұрпаққа қалуы тиіс тұлғаларды бір жинаққа топтастырған, тек үздіктердің үздігі енетін, республика бойынша ешқандай баламасы жоқ, өзгеге ұқсамайтын, өзіндік айтары бар бірден-бір басылым»,-деп жалғастырған «Алғы сөзде.
Аталмыш энциклопедия қоғам өмірін дамытуға ықпал ететін негізгі де өзекті салалардың бəрін қамтыған. Экономика,əдебиет,өнер,спорт, мəдениет, тарих, мемлекеттік,кəсіпкерлік қызмет, туризм, энергетика, денсаулық сақтау саласы, мал дəрігерлік қызмет, бір сөзбен айтқанда , кітап авторлары бəрін қамтуға тырысқан. Мазмұнды кітап қызығушылығымды оятып:»Бізге таныс жандар бар ма екен?»- деген оймен əрбір тарауды қарап отырғанымда:»Медицина- біздің қорғанымыз»-,деген бөлімнен жерлесіміз, саналы ғұмырының қырық бес жылын денсаулық саласына арнаған жоғары санатты кардиолог-дəрігер, ҚР»Денсаулық сақтау ісінің үздігі»,»Алтын дəрігер», «Еңбек даңқы», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері,Түркістан қаласының құрметті азаматы, жасы ұлғайса да , халқына пайдалы істен қол үзбей еңбек етіп, шəкірт тəрбиелеп жүрген Зухра Əуелбекқызы Юнусова туралы жазылған фото очерк көзіме оттай басылды. Айтса айтқандай,»шипа қолды дəрігер» атанған Зухра апамызды Түркістан өңірінде танымайтын жан бар ма? Тіпті бір сəт танымал журналист, ақиық ақын Қаныбек Сарыбаеатың жолын жалғастырып келе жатқан перзенті Лəззат Сарыбаеваның «Түркістан» газетінде ертеректе жарық көрген «Дəреметті дəрігер»,-деген мақаласы да көз алдымнан көлбең етіп өте шықты.Бір бұл емес, қаншама журналист кезінде осындай еңбегіне адал жандарды баспасөз бетінде дəріптеп едік. Енді , міне,»Алтын алмас қын түбінде жатпас»,- демекші, республика көлемінде жарық көрген басылымға киелі қаламыздан енген таңдаулылар қатарынан көріп,оқып,қуанып отырмыз.Зухра Əуелбекқызының өмірлік жары,Түркістан медицинасының дамуына зор үлес қосқан азамат, қалалық орталық ауруханасын талай жыл басқарған іскер басшы, өкінішке орай осыдан бірер жыл бұрын дүниеден озған Молдабай Əлиев екеуі құрған отбасын түркістандықтар»дəрігерлер əулеті» деп орынды атайды.Ерлі-зайыпты дəрігерлер сапалы білім, саналы тəрбие беріп өсірген əулеттің тұңғышы Роза Молдабайқызы, келіндері Зулейха Сейдахметова да Түркістан өңіріне танымал медицина саласының қызметкерлері. Қарап отырсаңыз, бұл отбасынан түрлі мамандық иелерін,құқық қорғау саласының өкілдерін де кездестіресіз.
Эльмирасы-аға оқытушы, Мұхтары мен Сəбирасы заң қызметінде. Бес немересі Қазақстанның атақты университеттерінде білім алып жүр. Ал,ең сүйікті немересі, жиырма жастағы Ернұры- əжесінің қолқанаты. Осы мəліметтің бəрі біздің əңгімемізге тиек болып отырған басылымда егжей-тегжейлі жазылылған екен.Оқып отырып»Адами бақыт деген осы болар!»- деген ой жетелейді.
«Медицинаның үш келбеті-Сенім.Үміт.Махаббат»-деген тұжырымды эпиграф етіп алған екен «Қазақстанның Алтын кітабы. Шынында да сенім- ұлы күш. Қашан көрсең де, сабырлы қалпынан бір танбайды. Емімен де, сөзімен де дертіңе дауа табатын Зухра Əуелбекқызы Юнусованың есімінің «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясына енгізілуі өз ісіне адал дəрігердің еселі еңбегіне берілген жоғары баға. Жанымызда жүрген жақсы адамдарды қадірлей білгенге не жетсін!
Роза Нарымбетова