Түркістан облысында «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды
Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» КММ-нің ұйымдастыруымен Түркістандағы Конгресс холл сарайында «Мерейлі отбасы — 2024» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылып, марапаттау рәсімі өтті.
Конкурстың мақсаты – отбасы институтын, адамгершілікті һәм отбасылық бірлікті нығайту. Жастар арасында отбасылық құндылықтарды дәріптеу: отбасындағы тәрбие, ата-анаға қамқорлық, үлкенге –ізет, кішіге құрмет көрсете білетін ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау. Сонымен қатар, мерейлі отбасыларды анықтап, оларды кеңінен насихаттап, көпке үлгі ету.
Аталған конкурс, 11 жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отырғандығын атап өту парыз.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізіліп жатқан бұл конкурстың маңыздылығын атап өтті.
– Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Себебі, отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін ортасы, өсіп, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Елімізде отбасы ұғымын дәріптейтін, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында түрлі игі шаралар өмірдегі басқа еш нәрсемен салыстыруға болмайды. Қоғамда өз орнымызды тауып, ақ пен қараны ажырата білуде жанұядан алған жылудың, мейрімнің маңызы өте зор, — деді Ертай Алтаев.
Бұл конкурс тек еліміздегі отбасылар үшін ғана емес, қоғамның әр деңгейіндегі азаматтар, жастар мен жас отбасылар үшін де тәрбиелік мәні зор. Конкурс жеңімпаздарын облыс әкімі Ертай Алтаев пен облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов құттықтап, жүлделі орындарымен марапаттады.
Конкурс қорытындысы бойынша: жүлделі І орын – Меңілбаевтар отбасы(Сарыағаш ауданы) иеленді. Отағасы Есіркеп Үсенбайұлы, зейнеткер, агрономия ғылымының кандидаты, жұбайы Меңілбаева Орынкүл зейнеткер, «Алтын алқа» иегері.Отбасында 3 ұл, 4 қыз, 22 немере, 11 шөбере тәрбилеп отыр
Жүлделі ІІ орынды – Бейсембаевтар отбасы, (Сауран ауданы).Отағасы Бақытжан Бейсембаев -зейнеткер, «Бітімгер» медиаторлардың ҚБ басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Ішкі істер органында 31 жыл қызмет атқарған, полиция подполковнигі. Жұбайымен 3 қыз, 6 немере тәрбилеп отырған отбасы. Жүлделі ІІ орынның тағы да бірін Рысбековтер отбасы (Түркістан қаласы) иеленсе, жүлделі ІІІ орын – Оразбек Аманбайұлы (Отырар ауданы) мен Нұрсұлу Мылтықбаева (Түлкібас ауданы) қанжығаға байлады. Екінші орын иесі, отағасы Қыдырәлі Рысбеков – зейнеткер, 70 жаста.Түркістан жоғары көпсалалы медицина колледжінің директоры, Түркістан қаласы «Ақсақалдар мен Билер алқасы» ҚБ төрағасы. Отбасында 3 ұл, 1 қыз, 9 немере тәрбилеп отыр. ІІІ орын – Оразбек Аманбайұлы (Отырар ауданы)
Жүлделі ІІІ –орын иегері Оразбек Аманбайұлы 82 жаста, зейнеткер, 40 жылға жуық шопан болған. Отбасында Жақсыгүл апамызбен 7 ұл, 1 қыз, 58 немере, 66 шөбере, 2 шөпшек тәрбиелеп отырған жайы бар. Ал, таңы бір ІІІ-орынды иеленген Нұрсұлу апамыз 85 жаста, зейнеткер, «Алтын алқа» иегері. Отбасында 6 ұл, 4 қыз, 21 немере, 12 шөбере тәрбилеп отыр.
Жеңісбек Мәуленқұлов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бүгінде той да көп тойлағанға, ойда көп ойлағанға. Әр күніміз мереке десек те жарасады. Бірақ, бүгінгі іс-шараның жөні бөлек. Ерекше мереке. Отан – отбасынан басталады. Көптеген отбасылардан біртұтас ұлт, бірегей мемлекетіміз құралады. Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі осы отбасында қалыптасады. Бұл талайды қанаттандырып, әрбір адамға алтын бесік болған киелі шаңырақ екені мәлім. Сол себепті бұл конкурстың маңызы зор деп білемін.
«Мың өліп мың тірілген» қазақ халқы небір зұлматты жағдайларды бастан кешті. Өткен ғасырдың басында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «әлхамдуллилаһ, Алаш жұрты алты миллион болдық» деп алақайлаған болатын. Ұлтына ұстын болған Алаш қайраткерлерін баудай қырқып түскен қуғын-сүргін, ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғысы, зобалаң жылдардан халқымыздың демографиялық ахуалы күрт төмендеп кеткен еді. Отарлық бұғауда болдық, ұлт ретінде жойылып кетудің алдында тұрдық. Алайда жойылмадық. Алтын құрсақ аналарымыздың, асыл сүйек аталарымыздың арқасында ел есін жиып, еңсесін қайта тіктеді. Қандай қиыншылық болмасын ортайғанның орнын толтырып, осы деңгейге жеткізген аналарымызға бас июіміз керек. Бүгінгі іс-шараның мақсаты да мұраты да осындай салиқалы ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасыларға деген құрметті білдіреді. Шүкіршілік, қазір Қазақ елі 20 миллионға жеттік. Қандай керемет: 58 немере, 66 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отырған саялы бәйтеректей отағасы ортамызда отыр. Бір отбасынан 130 ұрпақ өрбігенін көріп марқайып қалдық. Экономиканың заңдылығы демографиялық өсіммен де байланысты. Жер көлемі бойынша әлемде 9-орынды иеленетін мемлекет үшін 20 миллион да аздау. Біз сан тарапта өсіп-өнуіміз керек. Бүгінгі мерейлі отбасы деп үкілеп отырған отбасыларды қуаныштарымен құттықтаймын. Жастарға тезірек шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбітіп, өсіп-өніңдер деймін.
Гүлнұр Қыпшақбаева, облыстық Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету бөлімінің басшысы:
–Жалпы конкурсқа 131 отбасы өтінім берген. Аудан, қалалық деңгейде ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 30 отбасы жеңімпаз атанды. Ал, бүгін облыс бойынша үздік деп танылып, жанұядағы жарасымдылық пен өзінің қарым-қабілеттерімен ерекшеленіп, ұрпақтар сабақтастығының қайталанбас үлгісін көрсеткен 5 үздік отбасы жүзден жүйрік шығып, «Мерейлі отбасы — 2024» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде топ жарып отыр. Конкурс 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңнен өткендер іріктеуге қатысып, жүлдегер атанды. Жүлделі ІІІ орын иемденген 2 отбасы -250 мың, ІІ-орын алған 2 отбасына 350 мыңнан, І-орын иегеріне 1 миллион теңге көлемәнде қаржылай сыйлық табысталды.Жүлделі орындарға отбасында жарасымды ұрпақтар сабақтастығы сақталған, жетістікке жеткен, еліміздің дамуына үлес қосып отырған үлгілі отбасылар комиссия шешімі нәтижесінде тағайындалды.
Есіркеп Меңлібаев, І-орын иегері:
–Мен Сарыағаш ауданы, Жылға ауылында туып-өсіп, мектеп бітіріп, әскерге бардым. 1971 жылы әскерден келген соң мына апаларыңмен шаңырақ көтердік. Кеңшарда қарапайым жұмысшы болып еңбек жолымды бастап, механик, кейіннен ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, бас агроном, кеңшардың директорлығына дейін көтерілдім. Алланың берген 10 перзенетінің бүгінде 7-еуі тірі. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып олардан 22 немере сүйіп отырмыз. Балалардың барлығы өз кәсібін жүргізіп, тіршіліктерін жасап жүр. Әзірге жаман атын естігеміз жоқ, барлығы өз ісінің маманы, адал еңбекпен, айналаға құрметпен өмір сүріп жатқан жайы бар. Шаруашылықтарында ұл-қыздарымыз өз перзенттерімен ынтымақ қылып еңбек етуде. Балаларды еңбекке баулып, барынша жақсы азамат етіп тәрбиелеуде отанасының қосқан үлесі зор. Біздің отбасы қандай жетістікке жетіп, мерейіміз өсіп жатса ынтымақтың, отбасындағы (әсіресе анасының) тәрбиенің, берекен-бірліктің арқасында деп білемін.