Радиациялық қауіпсіздік саласында мамандар даярлануда
Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, алдағы үш жылда жаңартылатын қуат көздері мен атом энергиясына деген сұраныстың өсу қарқыны күшейе түседі. Қазіргі таңда атом электр станциялары әлемдегі ең қауіпсіз және сенімді қондырғылардың бірі болып саналады. Дегенмен, адамдар оның қоршаған ортаға теріс салдары барын алға тартып, апаттар орын алуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Айта кетейік, осындай қауіпті апаттардың ықтималдығын азайту үшін Атом қуаты бойынша халықаралық агенттігі мемлекеттерге атом электр станцияларының қауіпсіздігін жақсарту үшін халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қолдануды ұсынады. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың таратөан мәліметтеріне назар аударсақ, қазір әлемде 415 ядролық энергетикалық реакторлар (NPR) жұмыс істейді, тағы 62 салынып жатыр. Атом электр станцияларының ең көп саны АҚШ-та (94), Францияда (56), Қытайда (56), Жапонияда (12), Ресейде (36) және Оңтүстік Кореяда (26) орналасқан.
Қазіргі таңда Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында 17,9 мыңға жуық адам жұмыс істейді (оның ішінде: уәкілетті мемлекеттік органда – 36, ғылыми-техникалық ұйымдарда – 2,9 мың, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да – 15 мыңға жуық). Атом өнеркәсібіндегі студенттердің саны 9000 адамды құрайды (бакалавриат – 8441, магистратура – 512, докторантура – 260). 2023-2024 оқу жылына атом өнеркәсібіне 5246 грант бөлінген, оның ішінде уран өнеркәсібі мамандықтары да бар. «Ядролық физика», «Ядролық энергетикаға арналған материалдар», «Ядролық физика және ядролық энергетика» мамандықтарында 253 6 студент оқуда. 2011-2023 жылдар аралығында жоғарыда аталған мамандықтарды 1649 студент бітіріп шықты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында МИФИ Ресей зерттеу университетінің филиалы өз жұмысын табысты жалғастыруда (2022 жылдан бастап). ҚР ҰЯО РМК және ЯФИ РМК ғылыми бөлімдерінің базасында университет студенттерін ғылыми жобаларға тартуға барлық жағдай жасалған. «ҚР ҰЯО» РМК базасында жыл сайын 120-дан астам студентке өндірістік тәжірибе ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, радиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандар даярланатын оқу-ақпараттық орталық жұмыс істейді. Орташа алғанда, атом электр станциясын пайдалану кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2000-дай маман қажет. Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданып, оның негізінде қажетті мамандар даярланатын болады.
Бүгінде Қазақстанда екі ірі ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Қазақстан Республикасының Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталығы мен Алматыдағы Ядролық физика институты. Аталған институттарда ғылыми тәжірибелер жүргізуге, сондай-ақ ядролық физика әдістерін еліміздің ұлттық экономикасының әртүрлі салаларына енгізуге кең мүмкіндіктер ашылатын болады деп сенемін.
Тулеметов Қаныбек Умарбекұлы — «Халық бірлігі» ҚБ төрағасы