Бізге экологиялық таза энергия көзі қажет

Қазіргі таңда еліміздің энергетикалық секторы көмір электр станцияларына аса тәуелді. Ол елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді. Дегенмен, соңғы уақытта көмір электр станциялары күрделі мәселелерге тап болуда.

Айталық, жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі өте жоғары болып тұр. 70 пайызға жетеді. Ал, есесіне елімізде электр энергиясын тұтыну деңгейі жыл сайын 3 есеге өсіп жатыр. Біздің мемлекетіміз де өзге елдер секілді 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді қоса алғанда, жаһандық экологиялық міндеттемелерді өзіне жүктеді. Осы тұрғыдан қарағанда көмірмен байланысты жобаларды қаржыландыру ісінде  экологиялық шектеулерге байланысты қиындық тууда.

Энергетика министрлігінің болжамдарына сенсек, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну деңгейі 152,4 млрд кВт/сағ құрайды. Ал, елімізде жұмыс істеп тұрған электр станциялары небәрі 135 млрд кВт/сағ қамтамасыз ете алады. Қазірдің өзінде электр қуатының тапшылығын Ресейден келетін ағындар жауып отыр. Міне, сондықтан да болашақта елімізде энергетикалық тәуелділік болуы әбден мүмкін. Оның үстіне, көмір электр станциялары қоршаған ортаның қауіпсіздігінің төмендеуіне әкеп соқтырады.

Бұл мәселелерді шешу үшін елімізде қазір нақты қадамдар жасалуда. 2035 жылға қарай 26,5 млрд кВт/сағ жаңа қуатты іске қосу жоспарлануда. Осы мақсатта жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторы белсенді дамып келеді. Дегенмен, жаңартылатын энергия көздерін тұрақсыздығына байланысты энергияның негізгі көзі ретінде қарастыра алмаймыз. Өйткені, күн және жел электр станциялары ауа райы жағдайына тәуелді және тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Міне, сондықтан да бізге жаңа тұрақты және экологиялық таза энергия көзі қажет. Атом электр станциясы бұл мәселенің бірден-бір шешімі.

Мамандардың айтуынша, атом электр станциясы 60 жылдан астам тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алады. Атом электр станцияларын пайдалану кезінде парниктік газдар ауаға таралмайды. Сонымен қатар, атом электр станциясы жобасы жаңа жұмыс орындарын ашып, станция орналасқан аймақта инфрақұрылымның дамуына мүмкіндік тудырады. Атом энергетикасы елімізде өнеркәсіп орындарының жұмысын жандандырып, мемлекетіміздің экономикалық жағынан өсіп-өркендеуіне септігін тигізеді.

Қорыта айтқанда, атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғана қажетті қадам емес, ол елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторы болып табылады. Атом электр станциясы Қазақстанға қазіргі энергетикалық мәселелерді шешуге және болашақта тұрақты дамудың негізін жасауға көмектеседі. Мен оның құрылысына қарсы емеспін.

Жайлаубеков Есіркеп — «Ауыл» партиясының Сайрам ауданы бойынша өкілі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *