Кентауда ирригациялық жүйелер мен балалар алаңшалары орнатылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың басты бағыттарын атап өткен болатын. Президент: «Халықтың тұрмыс сапасы бірінші кезекте күнделікті өмірмен тығыз байланысты. Яғни, таза ауа, жасыл желек, таза су, жарық көше, қауіпсіз аула – міне, осының бәрі нағыз игілікке жатады. Біз азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру үшін нақты жобалармен айналысуымыз қажет», – деген еді. Осы бағытта Кентау қаласында қала келбетін жақсартуға, тұрғындар үшін қолайлы және қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, суағар (ирригациялық) жүйелер мен балалар ойын алаңшаларын орнату – басты назарда.

2024 жылдан бастап Кентау қаласында ирригациялық жүйелерді жаңғырту жобасы қолға алынды. Бұл жоба қала көшелеріндегі су тасқынын болдырмау, көшелерді жаңбыр және еріген қар суларынан қорғау, сондай-ақ экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны – 61 млн теңге.

2024 жылы алғашқы кезеңіне 14 млн теңге бөлініп, 3 нүктеде суағар жүйесі орнатылды. Атап айтар болсақ, олар: Құралбаев көшесі («KMF» банк алды), С.Сейфуллин көшесі, №118 үйдің алды және Бала-Бүргем – Питомник аралығы (1300 метр). Қалған 15 нүктеге суағар орнату үшін 47 млн теңге қарастырылып, қазіргі уақытта жұмыстар белсенді жүріп жатыр. Мердігер мекеме«РОТО ПЛАСТ» ЖШС-і.

Бұл жобаның іске асырылуы нәтижесінде қала көшелері су басудан қорғалып, экологиялық жағдай жақсарады. Бұл – қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін маңызды қадам.

Кентау қаласы тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 2024 жылы 171 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, 8 көпқабатты тұрғын үй ауласында балалар ойын және спорт алаңшаларын орнату көзделіп отыр.

Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Орнатылатын алаңшалар тізімінде Ата-Түрік №52, Ерназаров №49 (Ойын алаңшасы, street workout, қоқыс жәшіктері, орындықтар (құны: 26,9 млн тг)), Құралбаев №28 (Футбол және ойын алаңшалары, қоқыс жәшіктері, орындықтар (21,1 млн тг)), Әл-Фараби №110, 114, Уәлиханов №136 (Футбол алаңы, street workout (16,3 млн тг)), Құралбаев №92 (Футбол алаңшасы (10,6 млн тг)), Алтынсарин №3, 5, 7 (Барлық түрдегі алаңшалар мен жабдықтар (27,1 млн тг)), Уәлиханов №44, 48, Рысқұлов №63 (Барлық инфрақұрылым (26,9 млн тг)), Қонаев №33, Төле би №39 (Ойын, футбол алаңшасы және жабдықтар (21,01 млн тг)) және Яссауи №96, 98, Абай №11 (Ойын, футбол, workout алаңшалары (21,1 млн тг)) көшелері бар.

Қала әкімдігі балалар мен жасөспірімдер үшін жайлы орта қалыптастыру жұмысын жалғастыруда. Осы мақсатта 150 млн теңге көлемінде сметалық құжаттама дайындалып, жергілікті бюджетке өтінім ұсынылды. Бұл қаражат есебінен қосымша 5 көпқабатты тұрғын үй ауласына балалар ойын алаңшалары, Street workout аймақтары, қоқыс жәшіктері және орындықтар орнату жоспарланып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде былай деген еді:
«Балалар үшін қауіпсіз және қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру – бұл мемлекет тарапынан жасалатын ең маңызды инвестициялардың бірі». Кентау қаласында атқарылып жатқан әрбір жобаның түпкі мақсаты – дәл осы. Қала аумағындағы ирригациялық жүйелердің орнатылуы – экологиялық қауіпсіздік пен тұрғын үйлердің сақтығы үшін маңызды болса, балалар ойын алаңшалары – келешек ұрпақтың дені сау, белсенді және бақытты болуына жасалған нақты қамқорлық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *