Бәйдібек ауданында ардагерлерге арналған заманауи орталық ашылды
Қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайының жақсаруымен өлшенеді. Әсіресе, егде жастағы азаматтарға лайықты өмір сүру мүмкіндігін жасау – өркениетті мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстардың жарқын үлгісі ретінде Бәйдібек ауданындағы жаңа әлеуметтік нысанның ашылуын айтуға болады.
Толығырақ айта кетейік, жақында Шаян ауылында «Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының есігі айқара ашылып, аудан тұрғындарына қызмет көрсете бастады.
Нысанның ашылу салтанатына Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев пен аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев арнайы қатысып, жиналған қауымды игі бастамамен құттықтады.
«Аталған орталықтың ашылуы ауданның әлеуметтік дамуындағы үлкен қадам. Бұл бастама аудан халқының денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және әрбір азаматтың қоғамдық өмірге белсене араласуына жағдай жасайды», – деді Бақыт Тұрсынәліұлы.
Ардагерлер мен егде жастағы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету адам капиталына салынған инвестиция ғана емес, қоғамның моральдық деңгейін де айқындайтын көрсеткіш. «Тең қоғам – Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ардагерлер мен зейнет жасындағы азаматтардың белсенді өмір сүру дағдыларын дамытып, оларды қоғамдық ортаға бейімдеуге арналған маңызды әлеуметтік алаң. Мұнда заманауи талаптарға сай жабдықтар, демалыс және дене белсенділігін арттыратын құрылғылар, арнайы жаттығу залдары мен тынығу бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар, тәжірибелі мамандар келушілерге кеңес беріп, денсаулықты нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізеді.
Нысанның нысанның ашылуы Бәйдібек ауданындағы әлеуметтік инфрақұрылымның қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейді. Аудан бойынша соңғы жылдары бірқатар әлеуметтік маңызды нысандар, атап айтар боллсақ, мектептер, балабақшалар, спорт кешендері, мәдениет үйлері, денсаулық сақтау мекемелері салынуда. Бұл мемлекеттік және жергілікті деңгейде қабылданған даму стратегияларының оң нәтижесі.
Жаңа орталық тек ардагерлердің демалуына ғана емес, олардың өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізуге, қоғамдық іс-шараларға белсене араласуына жол ашады. Мұндай бастамалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қоғамда үйлесімділік пен бірлік орнатуға зор ықпал етеді.
Сонымен қатар, «Тең қоғам» сынды бастамалар еліміздің әлеуметтік бағыттағы ұлттық жобаларының табысты жүзеге асуының бір бөлігі. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асуы, ел тұрғындарының шынайы қажеттіліктерін ескеретін мемлекеттік саясаттың айғағы.
Бәйдібек ауданында қолға алынып жатқан мұндай жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында жаңа белестерге жол ашуда. Ардагерлерге лайықты өмір сүру жағдайын жасау, жастарға сапалы білім мен мәдени-спорттық инфрақұрылым ұсыну, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бұның барлығы кешенді даму стратегиясының нәтижесі екенін де айта кеткеніміз жөн.