Жолдау жүктеген міндет: Келесте тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Келес ауданының орталығы – Абай ауылында тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылым саласында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық кешенді дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған Жолдауларындағы нақты тапсырмаларымен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы ауылды жаңғырту, тұрғын үй құрылысын жандандыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту арқылы елдің барлық аймақтарында тең мүмкіндіктер жасау керектігін бірнеше мәрте атап өтті. Осы тұжырымдардың аясында Абай ауылында жаңадан құрылып жатқан тұрғын үйлер мен заманауи инфрақұрылым жүйелері ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беруде.

2022 жылы Абай аумағының бас жоспарына сәйкес тұрғын үй және қосалқы шаруашылық мақсаттарына арналған 96 гектар жер телімі белгіленді. Бұл аймаққа 2024 жылдан бастап электр қуаты тартылып, бүгінде 464 азаматқа тұрғын үй салу үшін жер телімдері кезек тәртібімен беріліп жатыр. Мұндай жүйелі жоба Президенттің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясындағы тапсырмаларын орындау болып табылады. Бұл тұжырымдамада ауылдық және кенттік елді мекендердегі тұрғын үй құрылысын қолдау, инженерлік-коммуникациялық желілерді жетілдіру және тұрғындардың жайлы баспанамен қамтамасыз етілуі негізгі басымдық ретінде көрсетілген.

Жаңа тұрғын үй аумағы тек электр энергиясымен ғана емес, табиғи газ және ауыз сумен де қамтамасыз етілуде. Қазіргі таңда осы мақсатқа байланысты мемлекеттік актілер алынып, сәулет-жоспарлау тапсырмалары дайындалуда. Жергілікті билік пен құрылыс ұйымдары, оның ішінде «СВХ АКТОГАЙ» ЖШС жолдарға тас-шағал төсеу жұмыстарын бастап кетті. Бұл инфрақұрылымдық шаралар тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, жол қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне айтарлықтай әсер етеді.

Сондай-ақ, жеке инвесторлардың қаржысына салынған 104 пәтерлік тұрғын үй тұрғызылады. Бұл тұрғын үйлер алдымен көп балалы отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарға беріледі. Қазіргі уақытта кезекте тұрған азаматтарды санаттары бойынша түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай бағыт мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру, тұрғын үй мәселесін шешу жөніндегі тапсырмаларымен сәйкес келеді.

Абай ауылында жалпы 87 шақырымды құрайтын 120 көше бар, оның 110-ы асфальтталған. Қалған 10 көшеге тас-шағал жабындысы төселген, ал топырақ жолдар мүлдем жоқ. Бұл көрсеткіш ауылдың инженерлік инфрақұрылымының сапасын айқын көрсетеді. Биыл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөліміне «Құрылыс», «Аққорған», «Еңбекші», «Арал» мөлтек аудандары мен Оңтүстік көшесі және ішкі тұйық көшелерді орташа жөндеуден өткізу туралы ұсыныстар беріліп, қажетті қаржы қарастырылды. Бұған қоса, Жамбыл, Асан Қайғы, Б.Қырғызалиев, Төле би, Ә.Жылқышиев гүлзары және Т.Рысқұлов көшесінің батыс бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, ұсыныстар жасалды. Мұның барлығы – ауылдың көлік және қоғамдық инфрақұрылымының сапасын арттыруға бағытталған шаралар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында ауылды дамыту мәселесін кешенді түрде шешуді, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуды басты мақсат етіп қойған. Оның ішінде инфрақұрылымды жаңғырту, сапалы тұрғын үй салу, инженерлік жүйелерді жетілдіру, әлеуметтік көмек пен қолдау көрсету сияқты бағыттар ерекше орын алады. Бұл – ауылдың тұрақты дамуының негізі және елдің экономикалық әрі әлеуметтік тұрақтылығының кепілі. Абай ауылындағы атқарылып жатқан жұмыстар дәл осы стратегиялық міндеттердің жүзеге асырылуына айқын дәлел.

Жаңа қоныс аудандардың бой көтеруі, инженерлік-коммуникациялық жүйелердің дамуы, жолдардың жөнделуі ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттырып, жастардың елде қалып, еңбек етуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету арқылы ауыл халқының біртұтастығы мен тұрақтылығы қамтамасыз етілуде. Осылайша, Абай ауылындағы тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстары Президенттің Жолдауларындағы тапсырмаларды нақты әрі жүйелі орындаудың жарқын мысалы болып отыр. Бұл бағыттағы әрі қарайғы жобалар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жеделдетіп, Келес ауданының жалпы өркендеуіне үлес қосары сөзсіз. Президенттің ауылды дамытуға деген үлкен сенімі мен қолдауы ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға бағытталған ауқымды реформалардың іске асуына тың серпін беріп келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *