Кентауда жол инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылуда
Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдарда жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстар ел Президентінің тапсырмасына сай халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылымдық теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған.
Бүгінгі таңда қала мен ауылдар аумағында жалпы ұзындығы 365 шақырымды құрайтын 416 көше бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша олардың 87,7 пайызы қанағаттанарлық жағдайда болса, 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Ағымдағы жылы жалпы 798 миллион теңге бөлініп, 17 нысанда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 7 нысан толық аяқталып, пайдалануға берілсе, тағы 3 нысандағы жұмыстар биылғы жылдың соңына дейін бітеді деп жоспарлануда. Қалған 7 нысан 2026 жылға өтпелі болып есептеледі.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық округтерде де жол жөндеу қарқыны бәсең емес. Жалпы ұзындығы 8,8 шақырым болатын 10 көшеге орташа жөндеу жүргізілуде. Бүгінде соның 5-еуі (3,65 шқ) аяқталды. Қалған 5 нысан келер жылға өтпелі. Бағдарлама аясында 2025 жылға 201,8 млн теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде 99,4 млн теңге Қарнақ ауылындағы Баитов, Үйрек ата, Аз Жәнібек, Нұр және Бумын қаған көшелерін жөндеуге жұмсалды. Ал Хантағы ауылындағы Қаратау, Иманов, Торлан, Назаров және Тоқаев көшелерін жөндеуге 27,6 млн теңге бөлініп, бұл жұмыстар 2026 жылға өтпелі саналады.
Кентау қаласының өз ішінде де жолдарды орташа жөндеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы 8,6 шақырым болатын 7 нысанда құрылыс басталып, соның 2 шақырымы аяқталды. Қалған үш нысан бойынша (4,3 шқ) құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Екі нысан келер жылға өтпелі.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 6,3 шақырым жол жөндеу көзделген. Бұл мақсатқа 455,9 млн теңге бөлініп, бүгінде Ш.Ниязов пен Сүйіндіков көшелерінде (2 шқ) жұмыстар аяқталды. Қалған 4,3 шақырым жолда жұмыстар жалғасуда.
2025 жылдың мамырында республикалық трансферт есебінен 154 млн теңгеге бағаланған, ұзындығы 2,35 шақырымды құрайтын екі көшеге жөндеу жүргізу жоспарланды. Соның ішінде Шахтастрой көшесі мен оның тұйығына орташа жөндеу басталып, бұл жоба 2026 жылға өтпелі болып отыр.
Субвенция есебінен 2024 жылдан өтпелі 10 көшеде (жалпы ұзындығы 3 шақырым) жұмыстар толық аяқталды. Атап айтқанда, Жеті жарғы, Тоқтаров тұйық көшесі, Мұратбаев мүйісі, Логинов тұйық көшесі, 66 квартал, Индустриялық аймақ көшелері, үш көпқабатты тұрғын үй ауласы және Бала Бүргем көшесінің 1,4 шақырымдық бөлігі жөнделіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырылды. Бұл жобаларға 181,3 млн теңге бөлінсе, 2025 жылға 60,2 млн теңге қарастырылған.
Қаладағы ірі жобалардың бірі — ұзындығы 2,35 шақырым болатын Д.Қонаев даңғылын реконструкциялау. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд теңге. 2025 жылы осы мақсатқа 200 млн теңге бөлініп, мердігер ретінде «СтройЖолСервис KZ» ЖШС анықталды. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.
Жол сапасымен қатар көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Қазіргі таңда 5 тұрғын үй ауласында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру жолындағы нақты қадам.