Кентауда әлеуметтік нысандар мен баспана құрылысы қарқын алды
Кентау қаласында халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Әсіресе, тұрғын үймен қамту, көпқабатты үйлерді жаңғырту, мәдениет пен білім саласы нысандарын салу сынды бағыттарда нақты жобалар қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Биылғы жылы қала тұрғындары үшін жағымды жаңалық болмақ. Ш.Уәлиханов көшесі №150 мекенжайында орналасқан бес қабатты, 60 пәтерлі әлеуметтік-кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл – баспана кезегінде тұрған көптеген отбасы үшін үлкен мүмкіндік болмақ.
Сондай-ақ дәл осы көшеде жеке инвестор «РМ-Снабсервис» ЖШС бастамасымен үш қабатты, 30 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Аталған нысандар облыстық кредиттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жалпы 60 пәтерді сатып алуға 894,1 млн теңге бөлінген. Бүгінде осы қаражаттың 41,9 млн теңгесі игерілген.
Қаламен қатар ауылдық елді мекендерде де инфрақұрылым жаңғыртылып, тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. Мәселен, 2024 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарнақ ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Қазіргі таңда нысанда темір фермаларды дәнекерлеу және шатыр конструкцияларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2026 жылға өтпелі.
Білім беру саласында да алға басушылық байқалады. «Өтеұлы Әбдірахман» ЖШС-і жеке инвестиция есебінен 600–1000 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр. Құны 600 млн теңгені құрайтын бұл жоба 2025–2026 жылдары жүзеге асырылады деп көзделуде.
Сонымен қатар, Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүйелі жалғасуда. Қалада 383 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 324-і – қала аумағында, 34-і – ауылдық округтерде орналасқан. Бұған дейін жалпы 7,41 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа 288 көпқабатты үй жаңғыртудан өтті. Ал биылғы жылы 1,7 млрд теңге қаралып, 38 үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Халықты қолжетімді баспанамен қамту, тұрғын үй қорын жаңарту – әлеуметтік тұрақтылық пен өмір сүру сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
