Білім – болашақтың негізі: Төлеби ауданында оқу орындары жаңарып жатыр
«Білім беру – стратегиялық сала. Оған салынған инвестиция – ел болашағына салынған инвестиция», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің осы ұстанымына сәйкес, бүгінде Төлеби ауданында білім саласын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда ауданда 69 мектеп жұмыс істейді. Оның 66-сы мемлекеттік, 3-еуі жекеменшік. Бұл білім ордаларында 29 917 оқушы білім алуда, оларды 3 671 мұғалім оқытып, тәрбиелеуде. Сонымен қатар, 3 колледжде 1 216 студент кәсіби білім алуда. Бұл көрсеткіштер ауданның білім беру жүйесіне деген тұрақты қолдау мен жауапкершіліктің айғағы.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы Қостөбе елді мекеніндегі мектепке 452 млн теңге, Көксәйек ауылындағы аудандық балалар саз мектебіне 55,4 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ауылдағы балалардың қауіпсіз әрі заманауи ортада білім алуына мүмкіндік туғызып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Қала мен ауыл мектебі арасындағы алшақтықты жоюымыз керек» деген қағида осындай бастамалармен жүзеге асуда.
2025 жылы Әл-Фараби атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жалпы құны 837 млн теңге болатын жобаның 518 млн теңгесі биыл игеріліп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл – аудан орталығындағы ең ірі білім ошақтарының бірі, оның материалдық-техникалық базасының жаңаруы – жүздеген оқушы мен ұстаз үшін ерекше маңызға ие.
Сонымен бірге, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Достық (900 орындық), Көксәйек (600 орындық) және Қосағаш (300 орындық) ауылдарында жаңа білім ошақтары бой көтерді. Жалпы құны 14,1 млрд теңгені құрайтын бұл құрылыс жұмыстары өңірдің білім беру инфрақұрылымын сапалы түрде жаңартуға бағытталған. Президенттің «Балаларымыз қауіпсіз әрі қолайлы мектептерде білім алуы қажет» деген сөзі бұл бастамалардың өзектілігін айқындай түседі.
Жаңа мектептерді қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Достық мектебіне – 211 млн теңге, Көксәйекке – 361 млн, Қосағашқа – 507 млн теңге бағытталып, инженерлік жүйелер толық жүргізілді. Бұл қаражаттар су, жарық, жылу, кәріз жүйелері мен интернет желісін тартуға жұмсалды. 2025 жылға да осындай шығындар алдын ала жоспарға енгізілді.
Парламент пен Үкіметтің заңнамалық және бағдарламалық шешімдері жергілікті деңгейде нақты іске асырылып келеді. Жергілікті әкімдік пен білім бөлімдерінің үйлесімді жұмысы – бұл саладағы оң өзгерістердің кепілі. Төлеби ауданында білім беру сапасы мен қолжетімділігін арттыру тек нысан салумен шектелмей, оқу мазмұнын жетілдіруге де бағытталған. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу, мектептерді IT-сыныптармен жабдықтау сияқты шаралар нәтижелі жүзеге асуда.
Шын мәнінде, білім беру – ұлт болашағының кепілі. Бұл салаға бөлінген әрбір теңге – ертеңгі сапалы маман, елжанды азамат, қоғамға пайдалы тұлға қалыптастыруға жасалған инвестиция. Төлеби ауданындағы бүгінгі жетістіктер – Мемлекет басшысы бастаған реформалардың, үкіметтік бағдарламалар мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының жарқын көрінісі. Жаңа мектептердің ашылуы мен инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары – өңірдегі білім сапасын жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған нақты қадам.