Төлеби ауданында мәдениет пен спорт саласы жүйелі дамып келеді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың рухани және физикалық дамуын ел болашағының кепілі ретінде бағалап, бұл салаларға стратегиялық маңыз беріп келеді. 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы: «Мәдениет пен спорт – халықтың рухани өзегін қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі. Сондықтан бұл салаларға қолдау көрсету – стратегиялық маңызы бар жұмыс» деп атап өткен болатын. Осы бағытта Түркістан облысының Төлеби ауданында ауқымды істер атқарылып, нақты нәтижелерге қол жеткізіліп отыр.

Бүгінде ауданда 48 мәдениет нысаны халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Тек 2024 жылдың өзінде осы нысандар базасында 847 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, аудан өнерпаздары халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда 1 бас жүлде, 1 бірінші орын, 2 екінші және 1 үшінші орынды иеленді. Бұл – ауданның мәдени әлеуеті мен шығармашылық мүмкіндігінің артып келе жатқанын көрсетеді. Ал 2025 жылдың алғашқы бес айында 377 мәдени іс-шара өткізіліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 630-ға жетеді деп жоспарланып отыр.

Мәдени инфрақұрылымды дамыту мақсатында нақты жобалар қолға алынған. Киелітас ауылдық округінде жаңа мәдениет үйінің құрылысына 2023–2024 жылдары 120 млн теңге бөлініп, бұл қаражат толық игерілді. Нысанның жалпы құны – 317,7 млн теңге. Қалған 197,7 млн теңгеге қаржыландыру қажеттілігі жоспарланып жатыр. Сонымен қатар, Леңгер қаласындағы «Төле би баба» мұражайының құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асуда. 2024 жылы 50 млн теңге бөлініп, жоба құны 472 млн теңгені құрап отыр. Бұл нысан болашақта өңірдің тарихи-мәдени мұрасын насихаттайтын маңызды орталық болмақ.

Мәдениетпен қатар, спорт саласы да қарқынды дамуда. 2025 жылдың алғашқы бес айында 225 спорттық нысанда 59 спорттық іс-шара өткізілді. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 105 іс-шара ұйымдастырылған. Бұл – бұқаралық спортқа деген қызығушылықтың артқанын, халықтың салауатты өмір салтына бет бұра бастағанын көрсетеді.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында да нақты қадамдар жасалуда. Көксәйек елді мекенінде спорт кешенінің құрылысын аяқтауға 2025 жылы 87,1 млн теңге бөлініп отыр (нысанның жалпы құны – 871,5 млн теңге). Момынай ауылында жаңа спорт кешенінің құрылысы үшін 100 млн теңге қарастырылған (жобаның жалпы құны – 528,4 млн теңге).

Қазіргі таңда бұқаралық спортпен шұғылданатын аудан тұрғындарының саны 55 мың адамға жетіп, бұл жалпы халықтың 45,2 пайызын құрап отыр (өткен жылы – 41,6%, 51 мың адам). Бұл – денсаулық сақтау саласына түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, жастар арасындағы құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге де оң әсер етіп отыр.

Үкімет мәдениет пен спорт саласын тұрақты түрде қолдап келеді. Парламент пен жергілікті билік өкілдерінің қолдауымен мәдениет қызметкерлері мен спорт жаттықтырушыларының әлеуметтік мәртебесін көтеру, жалақысын арттыру, мекемелерді цифрландыру, ұлттық құндылықтарды заманауи форматта насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Қорыта айтқанда, Төлеби ауданындағы мәдениет пен спорт саласының өркендеуі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын іске асырудағы нақты жетістіктердің бір көрінісі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, елдің рухани және дене саулығын нығайтуға қызмет ете бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *