Жолдау жүктеген міндет: Келес ауданында ауыз су мәселесі жүйелі шешілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су ресурстарын ұлттық қауіпсіздік деңгейіне көтеріп, еліміз үшін су тапшылығының нақты қатер екенін атап өткен болатын: «Су – стратегиялық ресурс. Оның әр тамшысы – экономикалық және экологиялық құндылық». Осы орайда Түркістан облысында, әсіресе Келес ауданында ауыз су инфрақұрылымын жаңғырту және халықты таза, үздіксіз сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың бастамасымен қолға алынған ең маңызды жобалардың бірі – екі ірі ауыз су қоймасын салу жоспары. Бұл нысандар Алпамыс батыр ауылдық округі мен Біртілек ауылдық округіне қарасты Көлтоған елді мекенінде орналасады. Атап айтқанда, Алпамыс батырда 4 гектар аумаққа 20 000 м³ көлеміндегі, ал Көлтоғанда 1 гектар аумаққа 600 м³ көлеміндегі су қоймасы салынбақ. Бұл — өңірдегі су тапшылығын түбегейлі шешуге бағытталған стратегиялық шешім.

Аталған құрылыс жұмыстары «Түркістан облысы Келес ауданы елді мекендері үшін су жинау имараты мен жеткізуші су құбырларының құрылысы» жобасы аясында жүзеге асырылады. Жобаның жобалау-сметалық құжаттамасын «МПК Проект» ЖШС әзірлеуде. Су қоймалары іске қосылған жағдайда, Абай ауылы және оған іргелес екі ауылдық округтің 25 мыңға жуық тұрғыны тәулік бойы таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Бұл – аудан халқының едәуір бөлігі үшін өмір сүру сапасының айтарлықтай артуы деген сөз.

Бүгінде Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 64-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл аудан халқының 88,4 пайызын құрайды. Қалған 19 елді мекенде бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде: олардың 14-інде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Мұндай жүйелі әрекеттер Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жолындағы нақты әрі өлшенген қадамдар болып табылады.

Ауыз су – бұл тек тұрмыстық қажеттілік емес, бұл – экологиялық тұрақтылықтың, халық денсаулығының, экономиканың және ауыл өмірінің тірегі. Су ресурстарының тапшылығы, әсіресе жаз мезгілінде, өзекті мәселе ретінде сезіледі. Абай ауылындағы кейбір мөлтек аудандарда тұрғындарға арнайы кесте бойынша су тасушы көліктермен ауыз су жеткізіліп отыр. Бұл – уақытша шешім, алайда әкімдік тарапынан мәселені толық әрі түпкілікті шешуге бағытталған жұмыс тоқтаусыз жүргізілуде.

Сондай-ақ, 4-аумақтағы бұрыннан жұмыс істеп тұрған су тазарту модульдері толық жөндеуден өткізіліп, қайта іске қосылды. Бұл құрылғылардың сапалы жұмысы тұрғындарға сүзілген, қауіпсіз ауыз судың қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұдан бөлек, ауыз су тапшылығы байқалған жаңа нүктелерде екі су тазарту модулін орнату жоспарланып отыр. Барлық жұмыстар экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *