«Ащысай Су» мекемесі тұтынушыларға сапалы әрі үнемді қызмет көрсетуді басты назарда ұстап отыр
Кентау қаласында қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану, энергия үнемдеу және жасыл экономика қағидаттарын енгізу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Бұл бастамалар халықтың әл-ауқатын арттырып, өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп отыр. Аталған бағыттарда нақты жұмыстар атқарып келе жатқан мекемелердің бірі – «Ащысай Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.
Кәсіпорын Кентау қаласы мен оған қарасты Хантағы, Карнак, Байылдыр, Ащысай ауылдарын, сонымен қатар Түркістан қаласы мен Сауран ауданына қарасты Еңбекші, Дихан, Бостандық және Оранғай елді мекендерін тәулігіне 24 сағат үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар мекеме Кентау қаласындағы кәріз жүйесіне де қызмет көрсетуде. Бұл – тек техникалық жұмыс қана емес, өңір экологиясын қорғау, санитарлық жағдайды жақсарту және халық денсаулығын қамтамасыз етудегі маңызды міндет. «Ащысай Су» МКК теңгеріміндегі ауыз су құбырларының жалпы ұзындығы 1 235,646 шақырымды құрайды. Оның 927,646 шақырымы 2008–2018 жылдары аралығында «Ақ бұлақ» және «Таза су» мемлекеттік бағдарламалары аясында жаңадан жүргізілген полиэтилен құбырлар болса, 308 шақырымы — 1960–1980 жылдары салынған ескі темір құбырлар. Бұл тозығы жеткен жүйелердің 286 шақырымы Кентау қаласының өзінде, ал 22 шақырымы Хантағы ауылында орналасқан. Қазіргі таңда осы ескі құбырларды кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары күн тәртібінде тұр.
Энергия тиімділігі саясатын іске асыру мақсатында мекеме тұтынушыларға сапалы әрі үнемді қызмет көрсетуді басты назарда ұстап отыр. Жаңартылған инфрақұрылым аясында су шығынын азайту, қысым жүйесін автоматтандыру, есептегіш құралдарды енгізу секілді шаралар қолға алынуда. Бұл қадамдар су ресурстарын сақтау мен ысыраптың алдын алу тұрғысынан аса маңызды. Сонымен қатар, «Ащысай Су» МКК-ның жұмысы – өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың бір тармағы ретінде ерекше маңызға ие.