Президент тапсырмасы: Шардарада ауыл медицинасы жаңғыруда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жетілдіру, ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру және медициналық көмектің сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше мән беріп келеді. Бұл бағытта қабылданған стратегиялық шешімдер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде нақты іс-шаралар арқылы жүзеге асырылып жатқанына куә болып отырмыз. Соның жарқын мысалы – Шардара аудандық орталық ауруханасына қарасты Алатау батыр ауылдық округіндегі «Қазақстан» Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығының күрделі жөндеуден өтіп жатқаны.

Бұл медициналық мекеме алғаш рет 1980 жылы типтік жоба негізінде салынып, соңғы рет 2011 жылы күрделі жөндеу көрген болатын. Араға он жылдан астам уақыт салып, 2025 жылы бұл нысанды жаңғырту жұмыстары қайта қолға алынды. Бұл шешім елімізде ауыл медицинасына көрсетіліп отырған ерекше назар мен қолдаудың нақты көрінісі. 2025 жылғы 29 қаңтарда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 10 ақпандағы қорытынды хаттама негізінде «TRENDIM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер ретінде анықталды. Жобаның келісімшарттық құны 270 659 620,67 теңгені құрады. Бүгінде күрделі жөндеу жұмыстарының 95%-ы аяқталып, жоспарға сәйкес шілде айының соңына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары толықтай аяқталады деп күтілуде.

Бұл – Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асырудың бір бөлігі. Президент өз сөзінде: «Біз бірінші кезекте ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін қамтамасыз етуіміз қажет. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа стандарттарға сай қайта жарақтау – басты міндеттердің бірі», – деп атап өткен болатын. Жоба аясында «Қазақстан» бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығының ғимараты толықтай жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Бұл өзгерістер 9111 тұрғынға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жаңғыртылған орталықта еңбек ететін медицина қызметкерлері үшін де қолайлы еңбек жағдайлары жасалмақ. Мұндай жобалар тек нысандарды жаңарту ғана емес, сонымен қатар ауылдық өңірлердің әлеуметтік әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл ретте Мемлекет басшысы Жолдауларында үнемі қайталап айтып жүрген «Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту – мемлекеттің басты мақсаты» деген қағидаттың нақты іске асып жатқанын көреміз.

Сондай-ақ Президент өз Жолдауларында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту мәселесінде ұзақ мерзімді және жүйелі тәсіл қолдану керектігін алға тартқан. Бұл бағытта елімізде 2025 жылға дейін 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын салу және жаңғырту жоспарланған. Олардың басым бөлігі ауылдық аймақтарда орналасқан. Ал Шардара ауданындағы «Қазақстан» орталығы – осы ауқымды жоспардың нақты жүзеге асып жатқан бір бөлігі.

Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің орындалуы – ел азаматтарына жасалып жатқан нақты қамқорлық. Ал «Қазақстан» БМСК орталығының күрделі жөндеуден өтуі – ел дамуындағы адам капиталына басымдық берілгенінің айқын дәлелі. Сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет – азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар тек бүгінгі емес, ертеңгі ұрпақтың да игілігіне бағытталған ізгі бастамалар екені сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *