Жолдау жүктеген міндет: “Qaz garden” бағы — ауыл шаруашылығының жарқын келбеті
Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан жобалардың бірі – Темірлан аумағындағы “QAZ Garden” бақ шаруашылығы. Биылғы жылы бақ мол өнім беріп, аграрлық сектордағы өсім мен тұрақтылықтың нақты көрсеткішін танытты.
2020 жылы құрылған “QAZ Garden” шаруашылығы Ордабасы ауданының дамуының нақты үлгісіне айналып отыр. Бұл кәсіпорын заманауи технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосуда. “QAZ Garden” шаруашылығы қазіргі таңда 70 гектар аумақты алып, онда алма, өрік және шабдалы ағаштарын өсірумен айналысады. Әрбір ағаш түрі — климаттық және топырақтық ерекшеліктерді мұқият ескере отырып таңдалған. Бұл өз кезегінде өнімнің жоғары сапасы мен молдығына кепілдік береді. Кәсіпорынның ерекше артықшылығы — заманауи тамшылатып суару технологиясын қолдануы. Бұл әдіс су ресурстарын үнемдеп, өсімдіктердің қажетті ылғалдылығын дәл бақылауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде өнім көлемі жылдан жылға артып келеді.
2024 жылы “QAZ Garden” шаруашылығындағы өнім көлемі айтарлықтай өскен. Алма ағаштары 11 гектарға егілген, оның ішінде “Грени Смит”, “Джероми”, “Гала” және “Голден” сорттары бар. Бұл бағытта шамамен 30 тонна өнім жиналған. Өрік ағаштары 30 гектарға жайылып, “Қабаши” және “Шекерпари” сорттары өсірілуде, оның өнім көлемі 8 тоннаға жеткен. Шабдалы бағы 14 гектарды алып, “Манрео” және “Орион” сорттары егілген, ал осы жылдың өнім көлемі 70 тонна шамасында. Бұл көрсеткіштер — шаруашылықтың тұрақты дамып келе жатқандығының айқын дәлелі.
“QAZ Garden” шаруашылығы тек өнім өндірумен шектелмейді. Кәсіпорын жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, аудан орталығындағы сауда орындарын отандық, табиғи өніммен қамтамасыз етеді. Бұл ауылдық жердегі еңбек нарығын жандандырып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда үлкен маңызға ие.
Сонымен қатар, “QAZ Garden” өңірдің импортқа тәуелділігін азайтуға, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелден сатып алудың қажеттігін төмендетуге ықпал етеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған жолдауларында ауылдық жерлердегі өндіріс пен инновацияларды дамыту, жергілікті өнімдерді қолдау маңызды орын алады. Осы тұрғыда “QAZ Garden” шаруашылығы —мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудың нақты мысалы. Ол ауыл шаруашылығын тек өнім өндірумен ғана емес, сондай-ақ ауылды әлеуметтік-экономикалық дамытудың тетігі ретінде қарастырады.
Алдағы уақытта “QAZ Garden” шаруашылығы экспортқа шығу жоспарын жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл – өнімнің сапасы мен көлемін арттырып қана қоймай, халықаралық нарықта өз орнын табудың көрсеткіші. Экспортқа шығу арқылы Ордабасы өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдері шет елдерге танылып, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігі артады. Бұл бағытта кәсіпорын өнімді өңдеу, сақтау және тасымалдау саласында да заманауи стандарттарға сай инфрақұрылымды дамытуға үлкен мән береді. Сонымен қатар, “QAZ Garden” аудандағы басқа ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен фермерлерге де үлгі болып отыр. Жергілікті климат пен топырақтың ерекшеліктерін ескере отырып, тиімді технологияларды енгізу, еңбек ресурстарын дұрыс пайдалану арқылы өнімділікті арттыруға болады. Бұл Ордабасы өңірінің ауыл шаруашылығын дамытудың әрі қарайғы стратегиясына серпін береді.
