Президент тапсырмасы: Мақтааралда мақта өңдеу зауытының құрылысы басталды
Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуді дамыту бағытында тағы бір ауқымды жоба жүзеге асырыла бастады. Мақтаарал ауданындағы “Атамекен” кедендік бекетінің маңындағы арнайы экономикалық аймақта 4 ірі кәсіпорын ашу жоспарланған болатын. Соның бірі — «Мақтаарал Xing Feng» ЖШС-ның құны 5,8 миллиард теңгені құрайтын мақта және мақта майын өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жаңа өндіріс орны іске қосылған жағдайда, зауыт жылына 10 мың тонна мақтаны өңдеуге және 10 мың тонна мақта майын өндіруге қауқарлы болады. Бұл көрсеткіштер Мақтаарал және көршілес аудандарда өсірілетін шикізатты тиімді өңдеуге, ішкі нарықпен қатар экспорттық бағыттағы әлеуетті арттыруға зор мүмкіндіктер бермек.
Зауыт толықтай іске қосылғаннан кейін 150 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Бұл аудан халқы үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие, әсіресе ауыл тұрғындары үшін жаңа табыс көзі болмақ.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы экономикалық аймаққа барып, құрылыс жұмыстарымен жеке танысты. Ол зауыттың жоспарлы түрде және белгіленген мерзімде аяқталуы үшін барлық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, инфрақұрылымды дамыту мәселелері де басты назарда болатынын жеткізді.
Айта кетейік, бұл зауыт — “Атамекен” кедендік бекетінің маңында бой көтеретін төрт ірі кәсіпорынның бірі. Бұдан бөлек, 1,5 миллиард теңгеге «Tabys Silkway» ЖШС-ның тоқылған және полипропилен қаптарын өндіретін зауыт, 500 миллион теңгеге «Taza Agro Onimderi» ЖШС-ның күріш өңдеу зауыты және 5 миллиард теңгеге «Food Waste» ЖШС-ның органикалық қалдықтарды өңдейтін зауыттар ашылмақ. Бұл кәсіпорындардың барлығы өз кезегінде аудан экономикасының жандануына, инвестициялық ахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізбек.
Бұл жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында айтылған агроөнеркәсіп кешенін модернизациялау, өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру міндеттерін орындаудың нақты көрінісі болып табылады. Президенттің Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірісті технологиялық қайта құру, жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару арқылы экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру ерекше басымдыққа ие.
«Мақтарал Xing Feng» зауыты жылына 10 мың тонна мақта өңдеуге және 10 мың тонна мақта майын өндіруге қауқарлы болып, өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді әрі сапалы өңдеуге жаңа мүмкіндік ашады. Бұл ауыл шаруашылығы шикізатына сұранысты арттырып, экспорттық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті жоғарылатады. Зауыттың іске қосылуы 150 адамға тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді, бұл ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Әсіресе ауыл тұрғындары үшін бұл жаңа табыс көзіне айналады, жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, тұрмыс сапасын арттыруға септігін тигізеді. Мұндай әлеуметтік маңызы зор жобалар – Президенттің «Халықтың әл-ауқатын арттыру және ауылдық аймақтарды дамыту» туралы тапсырмаларын жүзеге асырудағы айқын мысал.
Осылайша, Мақтааралдағы жаңа кәсіпорындар кешені – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығын өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындаудағы нақты әрі табысты бастама. Бұл жобалар өңірдің экономикалық даму қарқынын жеделдетіп, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге зор мүмкіндік береді. Қазақстанның агроөнеркәсіп саласында осындай ірі жобалардың іске асуы – ел экономикасының жаңа белесіне шығуына серпін береді.
