Ұлт руханиятының шамшырағы
Қазақ халқының мәдениеті мен рухани болмысын сақтап қалуға, оны жаңғыртуға аянбай тер төккен біртуар тұлғалардың бірі – Өзбекәлі Жәнібеков. Ол – ұлттық сана мен тарихи жадымыздың қайта жаңғыруына жол ашқан, руханият көкжиегін кеңейткен дара қайраткер. Оның есімі – тек тарихта ғана емес, халық жүрегінде өшпестей із қалдырған рухани шамшырақ.
Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Ол бала кезінен қазақтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүріне қызығып өсті. Білім мен тәрбиені өмірлік мұрат санаған ол университет бітірген соң мәдениет саласына араласып, ел руханиятына өлшеусіз үлес қоса бастаған.
1960-80 жылдары Өзбекәлі Жәнібеков Мәдениет министрлігі, партия органдары сияқты түрлі жауапты қызметтерде жүріп, ұлттық мәдениеттің ұмыт бола бастаған құндылықтарын қайта тірілтуге кірісті. Оның бастамасымен этнографиялық көрмелер, фольклорлық ансамбльдер құрылып, ұлттық қолөнер мен музыка дамуға серпін алды.
Ата-бабамыздың көне мұраларын жинақтап, зерттеп, ұрпаққа жеткізу – Жәнібековтің өмірлік миссиясына айналды. Ол халық шеберлері мен өнерпаздарын қолдап, оларға шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік туғызды. «Отырар сазы», «Тамаша», «Гүлдер» ансамбльдері мен өнер ұжымдарының өркен жаюына ықпал етті.
Өзбекәлі Жәнібековтің есімі Түркістанмен тығыз байланысты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қайта жаңғыруы – оның өміріндегі ең үлкен рухани жобалардың бірі. Ол осы кесенені тек тарихи нысан емес, ұлттық бірегейліктің, рухани тұтастықтың символына айналдыру жолында қажырлы еңбек етті. Түркістанды түркі дүниесінің рухани орталығы ретінде жаңғырту – оның рухани мұрасындағы басты бет бұрған.
Өзбекәлі Жәнібеков – ұлттың рухани иммунитетін сақтап қалған тұлға. Ол кеңестік саясаттың қатаң талабына қарамастан, ұлттық рухты сөндірмей, қайта маздатып отырды. Ол үшін ұлттық киім, домбыра, жыраулық дәстүр, зергерлік өнер – барлығы ұлттың рухани тірегі еді. Сондықтан ол бұл салаларды үнемі насихаттап, жас ұрпақтың бойына ұлттық болмысты сіңіруге күш салды
Өзбекәлі Жәнібеков – ғасырдан ғасырға жалғасатын руханияттың алтын көпірі. Оның ерен еңбегі мен жанқиярлық қызметі арқасында қазақ мәдениеті мен тарихы қайта түледі. Ол – ұлттың шын мәніндегі шамшырағы, мәңгі өшпейтін рухани жарық.
Ұрпаққа өнеге болған бұл тұлғаның өмірі мен қызметі – тек өткеннің емес, бүгіннің де, болашақтың да шамшырағы. Оның мұрасын ұлықтау – әрбіріміздің парымыз.
Айгүл Тыныштықбаева,
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей — қорығының экскурсия жетекшісі