Президент тапсырмасы: Сарыағашта «келешек мектептері» жобасы аясында жаңа мектеп салынуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде еліміздегі білім беру саласын дамытуға қатысты маңызды басымдықтарды айқындап берген болатын. Президент өз сөзінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру деңгейін теңестіру мемлекет алдындағы басты міндеттердің бірі екенін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылғанын, оның басым бөлігі ауылдық білім беру ұйымдары екенін айтты. Ауыл мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа кітапханалар, асханалар мен спорт залдары салынуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын жеткізген Президент: «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы», – деп атап өтті.

Осы стратегиялық бастамалар аясында Сарыағаш ауданында да білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, Сарыағаш қаласында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектеп.

Жуырда Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев «Samruk–Kazyna Construction» акционерлік қоғамының және мердігер мекеме өкілдерімен арнайы кездесу өткізіп, құрылыс нысанын аралау барысында бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын пысықтады. Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуы, сондай-ақ сапа мен қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы қажеттігін ерекше атап өтті.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында ішкі әрлеу жұмыстары, кіші архитектуралық мүсіндерді орнату, абаттандыру және тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаның барлық кезеңінде құрылыс сапасына тұрақты бақылау орнатылған.

Аталған білім нысаны Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынуда. Жобаның тапсырыс берушісі – «Samruk–Kazyna Construction» АҚ болса, құрылыс жұмыстарын «А-Спецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.

Жаңа мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалатын болады. Кең әрі жарық сыныптар, пәндік кабинеттер, спорт және акт залдары, кітапхана мен асхана – барлығы да өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған.

Бұл мектептің пайдалануға берілуі Сарыағаш қаласындағы білім беру мәселесін оңтайлы шешіп қана қоймай, қала мен ауыл балаларына тең мүмкіндік беру қағидатын іске асыруға зор үлес қоспақ. Сонымен қатар, жаңа нысан өңірдегі білім сапасын арттырып, білікті, білімді ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі болмақ.

Қорыта айиқанда, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – ел болашағы саналатын балаларға қолайлы әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Сарыағаш өңірінде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба да Мемлекет басшысы айқындап берген білім саласындағы басым бағыттардың нақты іске асуының айғағы болып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *