Жолдау жүктеген міндет: Шардара ауданының әкімі қытайлық инвесторлармен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық даму мен инвестиция тарту мәселесіне әрдайым айрықша назар аударып келеді. Ел Президентінің пайымдауынша, жаңа инвестициялық кезеңді бастау – еліміздің экономикалық өсімін қамтамасыз етудің басты шарты. «Өндіру саласындағы жобалардан түскен пайда қайтадан инвестиция ретінде экономикаға салынып отыр. Тікелей шетелдік инвестиция негізінен осы қаражат есебінен қамтамасыз етіледі. Ал негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деп айтуға болады. Экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан, алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтау қиынға соғуы мүмкін», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент инвестициялық жобаларды іске асыруда кедергілерге назар аударып, аймақ әкімдерінің бұл бағыттағы белсенділігін талап етті. «Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндеті болуы тиіс. Мемлекеттік орган барлық мүмкіндікті пайдаланып, экономикаға мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беру керек. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы соған сәйкес бағалануы тиіс. Талап қатаң болады», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осындай талаптар мен басымдықтар аясында Шардара ауданы әкімдігі Қытайлық инвесторларды қабылдап, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын дамытуға бағытталған жаңа жобаны талқылады. Инвесторлар тамшылатып суаруға арналған құрал-жабдықтар шығаратын зауыт салу жөніндегі бастамасын таныстырды. Бұл жоба аудандағы су ресурстарын тиімді пайдалану мен заманауи су үнемдеу жүйелерін енгізуге серпін береді.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Б. Туребеков, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ө. Рүстемов және басқа сала мамандары қатысты. Жиын барысында жобаны іске асыруға қажетті жер телімін бөлу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, салықтық және қаржылық жеңілдіктер, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары жан-жақты талқыланды. Аудан әкімінің тапсырмасымен тиісті сала мамандары жобаны жүйелі әрі жедел іске асыру бағытында нақты іс-шараларды жоспарлады.

Инвесторлар ауданның өндірістік әлеуетін жоғары бағалап, ұсынылған инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдаудың жобаны сәтті жүзеге асыруға қолайлы екенін атап өтті. Тараптар алдағы уақытта нақты инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір экономикасын әртараптандыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісімге келді.

Аталған жоба іске асқан жағдайда Шардара ауданында жаңа өндіріс орындары ашылып, инвестициялық ахуал жақсарып, әлеуметтік-экономикалық дамуға айтарлықтай серпін береді. Сонымен қатар, өңірдің агроөнеркәсіп саласын дамытуға, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік туып, ауыл шаруашылығында инновациялық технологиялардың кеңінен енгізілуіне жағдай жасалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *